3 наурыз – Дүниежүзілік жабайы табиғат күні. Бұл күн жануарлар мен өсімдіктер әлемінің байлығын және оны сақтаудың маңыздылығын еске салуға арналған. Қазіргі уақытта 46 300-ден астам өсімдік пен жануар түрі жойылып кету қаупінде тұр.

Бұл күн жабайы табиғатқа қатысты құқықбұзушылықтарға қарсы күресті күшейту және адам қызметінің нәтижесінде түрлер санының азаюын болдырмау қажеттігін еске салады. Бұл жағдайдың экономикалық, экологиялық және әлеуметтік салдары зор.
Қазақстан – сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлардың мекені. Олардың арасында қар барысы, сайғақ, қызылжемсаулы қаз, тянь-шань бурозубкасы және басқа да қорғауды қажет ететін түрлер бар. Елдегі қорықтар, ұлттық парктер және ғылыми ұйымдардың жұмысы арқасында осы түрлердің саны мен таралуын бақылау, қорғау және қалпына келтіру бағытында көптеген шаралар жүргізіліп жатыр.
Қазақстан Республикасы Зоология институты биоәртүрлілікті зерттеу және табиғатты қорғау саласына белсене қатысады. Маңызды қадамдардың бірі – сирек кездесетін түрлердің саны мен ахуалы туралы заманауи деректерді қамтитын Қазақстанның Қызыл кітабын жаңарту болды.
Қазақстан Республикасының Қызыл кітабының бесінші жаңартылуына Қазақстан фаунасының 217 түрі мен түртарамы енгізілді:
- азқылтанды сақиналы құрттар – 2 түр
- кеңтабанды ұлулар – 4 түр
- шаянтәрізділер – 1 түр
- өрмекіштәріздестер – 4 түр
- бунақденелілер (жәндіктер) – 71 түр
- миногалар – 1 түр
- сәулеқанатты балықтар – 16 түр
- қосмекенділер – 3 түр
- бауырымен жорғалаушылар – 11 түр
- құстар – 59 түр
- сүтқоректілер – 45 түр мен түртарамы
Спутниктік мониторинг, фототұзақтар мен молекулалық зерттеулер жабайы табиғатта жүріп жатқан процестерді тереңірек түсініп, оны сақтап қалу шараларын әзірлеуге септігін тигізеді.
Бұл күн – әрқайсысымыздың қоршаған ортаны қорғаудағы рөліміз жайлы ойлануға себеп. Табиғатқа ұқыптылықпен қарау, жауапты мінез-құлық және ғылыми-экологиялық бастамаларды қолдау – мұның бәрі келешек ұрпақ үшін жабайы табиғатты сақтауға көмектеседі.
Табиғатты аялаңыз, оның сұлулығын бағалаңыз және болашағы біздің қолымызда екенін ұмытпаңыз!