

Орнитология және герпетология зертханасының меңгерушісі – Бердіқұлов Бекжан Талғатұлы, PhD.
Зертханада екі бағыт бойынша мамандар тобы жұмыс істейді – орнитология және герпетология.
Соңғы жылдары орнитологтар тобының негізгі зерттеу бағыты құстардың көші-қонын зерттеуге бағытталған. Зертхана жанында Құстарды сақиналау орталығы жұмыс істейді, оған қатысты деректер жыл сайын Шоқпақ орнитологиялық стационарынан, сондай-ақ бірқатар басқа далалық стационарлардан алынады. Шоқпақ стационары EURING халықаралық құстарды сақиналау ұйымының құрамына кіреді. Зертханада құстардың түрлік құрамы, ұшып өту мерзімдері мен тәуліктік белсенділігі туралы деректер жинақталады, жекелеген түрлер популяцияларының жалпы саны және оның өзгерістері анықталады; көші-қон қарқындылығының ауа райы жағдайларына тәуелділігі зерттеледі; морфометриялық деректер негізінде қоныс аударатын құстардың демографиялық сипаттамалары жиналады.
Соңғы жылдары құстарды GPS/GSM таратқыштарымен таңбалаудың арқасында олардың көші-қонның әртүрлі кезеңдеріндегі қозғалыс биіктігі мен жылдамдығын неғұрлым дәл (аспаптық) анықтау, сондай-ақ құстардың тіршілік циклінің кезеңдерін жоғары дәлдікпен белгілеу мүмкін болды. 2017–2022 жылдары GPS/GSM таратқыштарымен құстардың 17 түріне жататын 30 дара таңбаланды.
Негізінен Алматы облысының аумағында кейбір колониялық құс түрлерінің санына, көбею табыстылығына және аумақтық таралуына мониторинг жүргізіледі. Сондай-ақ жабайы құстардың вирустық инфекциялардың таралуы мен айналымындағы рөлін анықтау үшін биологиялық сынамалар тұрақты түрде жиналады.
Зертханада құстардың тұлыптары (терілері) коллекциясы мен ұялар және жұмыртқа салымдарының оологиялық коллекциясынан тұратын орнитологиялық коллекция бар. Қазіргі уақытта құс тұлыптары коллекциясында Қазақстан орнитофаунасының 459 түріне жататын 29 439 үлгі және басқа елдердің аумақтарында жиналған 329 түрдің үлгілері сақтаулы. Коллекцияның оологиялық бөлімінде Қазақстан аумағында жиналған құстардың 291 түріне жататын ұялар мен жұмыртқа салымдарының 1524 үлгісі, сондай-ақ Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан және Украинада жиналған 16 құс түрінің 54 жұмыртқа салымы сақталған.
Қазіргі уақытта зертхананың герпетологиялық тобының зерттеу тақырыбы әртүрлі әдістерді қолдана отырып, Қазақстанның ғана емес, сонымен қатар іргелес аумақтардың қосмекенділері мен бауырымен жорғалаушылары биологиясының көптеген аспектілерін зерттеуге бағытталған және басқа елдердің жетекші мамандарымен ынтымақтастықта жүргізіледі. Соңғы жылдары Жетісу бақатісінің популяциялары; кесірткелердің, батбат кесірткелердің, көлбақалардың кейбір туыстарының түрлік және түрішілік құрылымы мен филогениясы; сұр жыландар мен сұр келесің таралуы мен экологиясының ерекшеліктері зерттелді. Герпетологиялық коллекцияны сақтау және толықтыру бойынша тұрақты жұмыс жүргізілуде. Коллекцияда Қазақстан фаунасының (56 түр), сондай-ақ басқа елдерден жиналған (29 түр) қосмекенділер мен бауырымен жорғалаушылардың 6 500-ден астам үлгісі сақталады.