2025 жылдың 6–8 қарашасы аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Орталық Азия биоалуантүрлілігін сақтау мәселелері мен перспективалары» атты халықаралық конференция өтті. Іс-шараға 15 елден келген 100-ден астам ғалымдар мен жас зерттеушілер қатысты.

Конференция жұмысының негізгі бағыттары:
• Орталық Азияның биоалуантүрлілігін сақтау және тұрақты даму
• Биоалуантүрлілікті сақтауда ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың (ЕҚТА) рөлі
• Экотуризм – табиғи мұраны сақтаудың құралы
• Экологиялық білім мен ағарту ісі
• Биоалуантүрлілікті мониторингтеуде ГИС пен цифрлық технологияларды қолдану
Конференцияда Қазақстан Республикасы Зоология институтының бас директоры Роман Васильевич Ященко «Қазақстанның сирек және жойылып бара жатқан жануарларын сақтау» тақырыбында пленарлық баяндама жасады.

Ғылым жөніндегі директордың орынбасары Марина Александровна Чирикова өз баяндамасында Батыс Тянь-Шань фаунасының таксономиялық құрамын және аймақтың жануарлар әлемін сақтаудағы өзекті мәселелерді талқылады.
Териология зертханасының аға ғылыми қызметкері Бижанова Назерке Әлімқызы «Іле-Алатау ұлттық паркінде фототұзақ арқылы Felis lybica ornata түрін алғаш тіркеу» тақырыбында хабарлама ұсынды.
Институттың ғылыми хатшысы Гүлжанат Бақытқызы Танабекова «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың рөлі» секциясының модераторы болды. Оның «Сиверс алмасының зиянкесі – бөріқарақат жапырақ ширатқышы (Cacoecia crataegana Hb.)» атты мақаласы конференция материалдар жинағына енетін болады.
Іс-шараның тең ұйымдастырушысы ретінде Зоология институты қызметкерлерінің түсірген Қазақстан жануарлар әлеміне арналған фотокөрмесін және институттың ғылыми басылымдарының көрмесін ұсынды.

Мұндай іс-шаралар ғылыми ынтымақтастықты нығайту мен халықаралық тәжірибе алмасуда маңызды рөл атқарады. Конференция биоалуантүрлілікті сақтау мәселелерін талқылауға, бірлескен тәсілдерді қалыптастыруға және аймақтың ғылыми әрі табиғатты қорғау ұйымдары арасындағы серіктестік байланыстарды орнатуға тиімді алаң болды. Осындай форумдар ғалымдардың, мемлекеттік құрылымдардың және қоғамның күш-жігерін біріктіріп, Орталық Азияның бірегей табиғи мұрасын сақтауға ықпал етеді.
Конференция аясында тағы бір маңызды халықаралық оқиға – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жаңа ғылыми орталықтың ашылуы өтті.

Орталық Азия–Германия экожүйелер мен биоалуантүрлілікті қорғау институтының басты мақсаты – Орталық Азия елдерінде экожүйелердің тұрақтылығын қамтамасыз ету және биологиялық әртүрлілікті сақтау жөніндегі бастамаларды ғылыми тұрғыда дамыту. Жаңа орталық Қазақстан мен Германия ғалымдарының экологиялық ынтымақтастығын нығайтуға, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға және тәжірибе алмасуға арналған платформа болмақ.
Іс-шараға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев, Германия Федеративтік Республикасының Алматыдағы Бас консулы Матиас Лехерер, Тәжікстан Ғылым академиясының вице-президенті Тиллохуджа Ибодзода, NETSCI GmbH компаниясының басқарушы директоры Маттиас Крамер, ҚР Парламенті Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палата сарапшысы, Қазақстан табиғатты қорғау қоғамының төрағасы Айжан Скакова және басқа да қонақтар қатысты.
Германияның Бас консулы Матиас Лехерер институттың ашылуының маңыздылығын атап өтті:
«Климаттың өзгеруі – бүгінде әлемдік ауқымдағы негізгі мәселелердің бірі. Жаңа ғылыми институт биологиялық әртүрлілікті және табиғи ресурстарды қорғау саласындағы бірлескен зерттеулерді жүзеге асыру үшін маңызды алаңға айналады. Бұл жұмысқа Қазақстан мен Германия ғалымдарымен қатар, Орталық Азия елдерінің зерттеушілері де қатысады», – деді ол.
08.11.2025 ж
Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі және іс-шара қатысушылары