2026 жылғы 20 наурызда Алматы қаласындағы «RIXOS» қонақүйінде «PRO PLAN PARTNERS» Орталық Азия ветеринариялық форумы өтті. Іс-шара Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің ұсақ үй жануарларын емдеуге маманданған ветеринариялық медицина дәрігерлерін біріктірді.

Форумның мазмұнды ғылыми бағдарламасы ветеринариялық медицинаның негізгі бағыттарын қамтыды. Алғаш рет «Мегаполис ветеринариялық дәрігері: клиникалық қабылдаудан қаланың биоқатерлерін басқаруға дейін» атты жаңа секция ұсынылды. Секция модераторы ретінде «ЭКВИ ЛАБ» зертханасы қатысты. Секция жұмысы үй жануарларындағы зооноздық ауруларды анықтау мен алдын алуға және ветеринариядағы антибиотикке төзімділік мәселесіне арналды. Секция жұмысына ҚР ҒЖБМ ҒК «Зоология институты» ШЖҚ РМК биоценология және аңшылықтану ғылыми-зерттеу орталығының қызметкерлері қатысты:
- Хамчукова Анна Михайловна, ғылыми қызметкер, ауыл шаруашылығы ғылымдарының магистрі, «Біртұтас денсаулық – жаһандық сын-қатерлерге ортақ жауап» тақырыбындағы баяндамамен;
- Плахов Константин Николаевич, биоценология және аңшылықтану ғылыми-зерттеу орталығының меңгерушісі, «Алматы қаласындағы эпизоотиялық ахуалдың ерекшеліктері, негізгі қауіптер, алдын алу, диагностика, емдеу және реабилитация» тақырыбындағы баяндамамен;
- Линник Александр Сергеевич, аға ғылыми қызметкер – тыңдаушы ретінде.
«Зоология институты» биоценология және аңшылықтану ҒЗО қызметкерлерінің баяндамалары Табиғатты қорғау халықаралық одағының (IUCN) өңірлік «Табиғатты қорғаудағы Біртұтас денсаулық – Орталық Азияда табиғатты қорғау жүйелерін біріктіру арқылы зооноздардың пайда болуына ландшафттардың төзімділігін арттыру» жобасы аясында дайындалды. Жоба шеңберінде зооноздық аурулармен байланысты тәуекелдерді азайту тәсілдерін әзірлеуге бағытталған бірқатар іс-шаралар жоспарланған.
Қазіргі таңда зооноздар елімізде елеулі эпизоотиялық және эпидемиялық мәселе болып табылады. Қазақстанда жануарлардың 60-тан астам жұқпалы ауруы тіркелген, олардың 18-і зооноздарға жатады. Республика мен басқа да елдердің көптеген өңірлерінде бірқатар аурулар, атап айтқанда табиғи-ошақты (құтыру), созылмалы және жедел инфекциялық аурулар, зооноздар (туберкулез, бруцеллез, лейкоз, тұмау) бойынша эпизоотиялық жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Сондай-ақ шетелдерде таралған аса қауіпті жануарлар инфекцияларының (африкалық шошқа обасы) елге әкеліну қаупі үнемі сақталуда.
Адамдардың жұқтыруы ауру жануарлармен (өлекселермен), қоршаған орта объектілерімен, тұрмыстық заттармен, кеміргіштермен залалданған өнімдермен байланыс кезінде, сондай-ақ жануарлар мен қансорғыш жәндіктердің шағуы арқылы жүзеге асады. Аталған инфекциялардың адам үшін көздері – жабайы, үй (мысықтар, иттер), ауыл шаруашылығы (шошқа, ірі қара, жылқы), кәсіптік (ақ түлкі, нутрия) жануарлары, кеміргіштер (егеуқұйрықтар, тышқандар) және т.б. Осы тұрғыдан алғанда ветеринариялық дәрігерлер бұл аурулармен күрестің алдыңғы шебінде тұр, олардың кәсіби құзыреттілігі тек үй жануарларының ғана емес, мегаполистер мен басқа да елді мекен тұрғындарының денсаулығына тікелей әсер етеді. Институт қызметкерлерінің баяндамалары осы білімді арттыруға арналды.
Мәтін және фото: Плахов К.Н.
26.03.2026


