2025 жылғы 26 қаңтарда Қазақстан Республикасы Зоология институтының териология зертханасының бас ғылыми қызметкері, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Мелдебеков Әлихан Мелдебекұлының дүниеден өткенін аса зор күйзеліспен хабарлаймыз.
Әлихан Мелдебекұлы 1948 жылғы 24 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданына қарасты Ақтас ауылында дүниеге келген. 1970 жылы Алматы зооветеринарлық институтын үздік бітірді. Ғылыми қызметін Қазақ ғылыми-зерттеу мал шаруашылығы институтында бастады, онда аспиранттан директорға дейінгі (1993–2003 жж.) жолды жүріп өтті.
2003 жылдан бастап Ә.М. Мелдебеков Қазақстан Республикасының Зоология институтын басқарды, онда 15 жылға жуық бас директор лауазымын атқарды.
Оның басшылығымен 2005 жылы Зоология институты бірқатар халықаралық марапаттарға ие болды: Халықаралық бизнес сапасын арттыру қорының (FEBP) «Бизнестегі жоғары сапа үшін» алтын медалі; Centre for Business Excellence LTD (Женева) тарапынан ұлттық экономиканы дамыту және халықаралық экономикалық қатынастарды нығайтудағы еңбегі үшін «Алтын Феникс» жүлдесі; Халықаралық іскерлік кеңестің (Мәскеу) «Ұлттық экономиканың көшбасшысы 2006» Халықаралық Құрмет белгісі; сондай-ақ 2010 жылы Франциядағы «Еуропалық грант» Халықаралық құрметті сыйлығын иеленді.
Ғылыми жетістіктерінің құрметіне 2003 жылы Ә.М. Мелдебеков ҚР ҰҒА академигі болып сайланды, 2008 жылы Моңғолия ҰҒА шетелдік мүшесі–академигі атанды, ал 2010 жылы Вена (Австрия) Халықаралық университетінің құрметті профессоры атағын иеленді. Әлихан Мелдебекұлы Францияның Халықаралық іскерлік кеңесі тағайындаған «Мінсіз іскерлік беделі үшін» алтын медалімен, ҚР БҒМ-нің «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен (2008 ж.), сондай-ақ «Парасат» орденімен (2018 ж.) марапатталды.
Ә.М. Мелдебековтың жетекшілігімен 6 ғылым докторы мен 9 ғылым кандидаты дайындалды. Ол 300-ден астам ғылыми еңбектің, соның ішінде 18 монографияның, 9 авторлық куәліктің және 3 патенттің авторы. Оның редакциясымен 2008 жылы «Қазақстан Республикасының Қызыл кітабының» (Жануарлар томы, 4-ші басылымы) жарық көруі елдегі барлық табиғат қорғау ұйымдарына арналған маңызды басшылыққа айналды.
Әлихан Мелдебекұлы 77 жасында күтпеген жерден өмірден озды. Оның туыстарына, жақындарына, шәкірттері мен әріптестеріне осынау орны толмас қайғыға байланысты көңіл айтамыз.
Марқұмның жаны жәннатта болсын!