Пресс-конференцияға келесі мамандар қатысты: Роман Васильевич Ященко, биология ғылымдарының докторы, ҚР Қызыл кітабының бас редакторы; Марина Александровна Чирикова, ғылым жөніндегі бас директордың орынбасары; Айдын Бауржанұлы Есжанов, өрмекіштәріздестер және басқа да омыртқасыздар зертханасының меңгерушісі.

Өзінің «Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесінің Қызыл кітабы және сирек кездесетін, жойылып бара жатқан жануарларды зерттеу» атты баяндамасында Р.В. Ященко мыналарды айтып өтті:
- Қызыл кітапқа қандай жаңартулар енгізілгенін;
- Әсіресе, тоғай бұғысы, құлан, арқар және жейран мысалында сирек және жойылу қаупіндегі түрлерді сақтау ісіне ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды кеңейтудің әсерін;
- Жекелеген жануарлар түрлерінің (қар барысы, сұлу дрофа) популяцияларын қорғау және қалпына келтіру шаралары;
- Қазақстанда Пржевальский жылқысын және жолбарысты қайта жерсіндіруге бағытталған халықаралық бағдарламалар туралы;
- Құлан мен сайғақ популяциясын қалпына келтіру жұмыстары;
- Қазақстан Республикасында биоәртүрлілікті сақтаудың тұжырымдамасы жайлы;
- Заманауи зерттеу әдістері мен технологиялары (фототұзақтар, спутниктік таратқыштар, ГИС, электронды деректер базасы, молекулалық-генетикалық әдістер және т.б.).
М.А. Чирикова ҚР Қызыл кітабының не екенін, неліктен ҚР-дағы сирек және жойылу қаупіндегі жануарлар түрлері тізімін тұрақты түрде жаңарту қажет екенін баяндап, қандай түрлер (21 түр) және неліктен тізімнен алынып тасталғанын, қандай түрлер (11 түр) керісінше жаңа Тізімге қосылғанын айтып берді. Сонымен қатар 59 жануар түрінің атаулары (латын және/немесе қазақша, және/немесе орысша) таксономиядағы қазіргі өзгерістерге сай жаңартылғанын атап өтті.
Қызыл кітаптың 5-ші басылымы қазақ және орыс тілдерінде әзірленген. Онда көрсетілген түрлер тізімінен бөлек, түрлердің таралуы, биологиясы, шектеуші факторлары мен оларды сақтауға қажетті шаралар жайлы ақпарат, түрлердің таралу және көші-қон карталары, жануарлардың нақты фотосуреттері негізінде жасалған иллюстрациялар, сондай-ақ ақпарат көздерінің толық тізімі қамтылған.
Зоология институты мамандарының баяндамаларынан кейін журналистер сұрақтарына жауап беру сессиясы өтті.
12.03.2025