ҚР ҒЖБМ Зоология институтында америкалық докторанттың халықаралық тағылымдамасы өтті

Америкадағы (University of Maryland Center for Environmental Science Appalachian Laboratory) докторант Николь Ибрагим ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Зоология институтының орнитология және герпетология зертханасында алты айлық тағылымдамадан өтті. Тағылымдамаға жетекшілік еткен – құстарды сақинамен белгілеу ғылыми орталығының меңгерушісі, жетекші ғылыми қызметкер Андрей Эдуардұлы Гаврилов.

Тағылымдаманың мақсаты – құстарды таңбалау әдістерін меңгеру, қауырсын үлгілерін әрі қарай изотоптық талдау үшін жинау және құстарға сақина тағу бойынша мұрағаттық деректермен жұмыс жасау.

Николь құстардың көші-қон процестерін зерттеумен айналысады. Көші-қон – ерекше табиғи құбылыс: әлемдегі 11 000-ға жуық құс түрінің шамамен 2 000-ы жыл сайын ондаған, жүздеген және мыңдаған шақырымды еңсеріп, елдер мен тіпті құрлықтарды ауыстыра отырып, көшіп-қонады. Құстардың көші-қон жолдарын зерттеу олардың мінез-құлқын түсінуге ғана емес, сонымен қатар түрлерді сақтау және экожүйелерді басқару міндеттерін шешуге де көмектеседі.

Құстардың қозғалу жолдарын бақылауда сыртқы және ішкі әдістер қолданылады. Сыртқы әдістерге – құстарды сақинамен белгілеу және GPS-трекерлерді орнату; ал ішкі әдістерге – заманауи изотоптық талдау технологиясы жатады. Бұл әдістерді біріктіру ғалымдарға көші-қон бағыттары туралы ең дәл деректер алуға мүмкіндік береді.

Никольдің зерттеу жұмыстары уақыт өте келе құстардың қауырсынында жинақталатын тұрақты изотоптарды зерделеуге арналған. Әрбір изотоптың мөлшері құстың қорегіне, суына және олардың қоныс аударған өңіріне байланысты, себебі түрлі географиялық аймақтардың изотоптық құрылымы әртүрлі, бірақ салыстырмалы түрде тұрақты болады.

Мұндай зерттеулер көші-қон жолдарын дәлірек бақылауға және құс популяцияларының географиялық құрылымын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл – орнитология саласындағы өзекті міндет, өйткені көптеген көшпелі құс түрлеріне климаттың өзгеруі және адамның шаруашылық қызметі салдарынан жойылып кету қаупі төніп тұр.

Никольдің жұмысының бір бағыты – Орталық Азия құстары мен басқа өңірлердегі құстардың көші-қон байланысын түсіну үшін 1966 жылы Қазақстанда ұйымдастырылған Чокпақ атты орнитологиялық станцияның деректерін қолдану.

Никольдің тағылымдамасы екі кезеңнен тұрды: алдымен күзгі көші-қон кезінде Чокпақ орнитологиялық станциясында дала жағдайында, содан кейін ҚР Зоология институтында жалғасты.

Чокпақ станциясындағы жұмыс Никольге құстарды тану дағдыларын жақсартып қана қоймай, құстардың морфологиялық өлшемдерін алып, сақина тағу сияқты қажетті әдістерді меңгеруге мүмкіндік берді.

Орнитологиялық станцияда Николь әртүрлі отрядтарға жататын құстармен жұмыс істеді. Зерттеу нысаны ретінде: сұңқаршыл қаршыға (ястреб-перепелятник), түркістандық тювик, екі түрлі қарлығаш (обыкновенная и светлая береговушки), алтыншы жұршық (золотистая щурка), сары шымшық (желтая трясогузка), зяблик және қараторғай тұқымдас (деревенская ласточка) таңдалды. Бұл құстардың көші-қон жолдары Орталық Азияда әлі жеткілікті зерттелмегендіктен, олардың қоныс аудару ерекшеліктері ғылыми қызығушылық тудырады.

Тағылымдама барысында Николь 10 000-нан астам құстың қауырсынын жинай алды. Бұл үлгілер әрі қарай талдау жүргізу үшін Мэриленд университетінің зертханасына жөнелтіледі. Никольдің айтуынша, жиналған мәліметтердің (құстардың жасы, жынысы, морфометриялық көрсеткіштері және т.б.) маңызы зор, себебі деректер жиынтығы көші-қон бағыттарын және кейбір популяциялар топтарына төнетін әлеуетті қатерлерді дәлірек анықтауға мүмкіндік береді.

Далалық кезең аяқталған соң Николь Зоология институтында тағылымдаманы жалғастырып, құстарға сақина тағу бойынша мұрағаттық материалдарды зерделеу және іріктелген үлгілерді ресми түрде экспорттауға рұқсат беретін құжаттарды рәсімдеумен айналысты. Қазақстандық және америкалық тараптардың келісімдері нәтижесінде, қауырсын үлгілерін Мэриленд университетінің зертханасына заңды түрде шығаруға мүмкіндік беретін құжаттар толық жинақталды. Осылайша, Никольдің тағылымдамасы тек құнды дала тәжірибесіне ғана емес, әрі қарайғы зерттеу мен деректерді талдау үшін маңызды зертханалық дайындық жұмыстарына да бағытталды.

Қазақстанның Зоология институтының орнитологтары осы уақытқа дейін изотоптық талдау әдісін құстардың көші-қон жолдарын зерттеуде қолданбаған болатын, сондықтан аталған бағыттағы жұмыстар Николь мен америкалық мамандардың халықаралық ынтымақтастығының нәтижесінде мүмкін болып отыр.

Николь Ибрагимнің Зоология институтындағы тағылымдамасы оның ғылыми қызметін жаңа деңгейге шығарып қана қоймай, құстардың көші-қон процестерін зерттеуге маңызды үлес қосты. Бұл болашақта құстарды қорғау мен сақтауға септігін тигізеді.

Николь Зоология институтымен ынтымақтастықты жалғастырып, келешекте Чокпақ станциясына тағы да келіп, басталған жұмысты жалғастыруға ниетті. Ол қазақстандық әріптестеріне қолдау мен қонақжайлылық үшін алғыс білдіреді.

Зоология институты қызметкерлерінің фотосуреттері
12.02.2025

Әкімші