«Беткі сулардың сапасын гидрохимиялық көрсеткіштер арқылы бағалаудың негізгі тәсілдері (Іле Алатауындағы беткі сулар мысалында)» – осындай тақырыппен 14 ақпанда ҚР Зоология институтында ғылыми семинар өтті.
Семинарды институт қызметкерлеріне профессор, география ғылымдарының докторы, гидробиология және экотоксикология зертханасының бас ғылыми қызметкері София Максимқызы Романова өткізді.
Семинар барысында алдымен жалпы мәселелер талқыланды:
- Гидрохимия дегеніміз не және оның экология, гидрология, гидробиология, экотоксикология, гидрогеология, геохимия, география, топырақтану, метеорология және т.б. ғылымдармен байланысы
- Гидрохимияның негізгі міндеттері
- Табиғи сулардың сапасы, оны бағалау өлшемдері
- Қазақстандағы өзендер, көлдер және су қоймаларына антропогендік жүктеме деңгейін анықтауға қатысты нормативтік құжаттар және басқа да реттеуші құжаттар
- Балық шаруашылығы үшін пайдаланылатын, шаруашылық-ауыз су және мәдени-тұрмыстық мақсаттағы су айдындарына арналған ШРК (ПДК)
- Сулы нысандарды ластану дәрежесі бойынша жалпы жіктеу және т.б.
Іле Алатауының солтүстік беткейлеріндегі шағын өзендердің жағдайы
Кейін Іле Алатауының солтүстік беткейлеріндегі шағын өзендер (Қаскелең, Ақсай, Үлкен және Кіші Алматы, Есік, Түрген және т.б.) мысалында әртүрлі факторлардың (табиғи, сондай-ақ адамның шаруашылық қызметіне байланысты) судың тазалығына, өзендердің сапалық жағдайына, ластану салдарларына және өзендердің экологиялық ахуалын жақсарту шараларына әсері қарастырылды.

Қорытындылар:
- Беткі сулардың сапасын гидрохимиялық көрсеткіштер арқылы (ШРК, ШРТТ, ШРТ, әртүрлі коэф.) бағалаудың негізгі тәсілдері бұл суларды пайдаланудың қаншалықты мүмкін екенін бір мәнді көрсетпейді. «Бірыңғай жіктеуге…» мұқият өңдеу қажет.
- Іле Алатауының шағын өзендерінің сулары қазіргі уақытта өздігінен тазарту мүмкіндігі шегінен аса қоймаса да, ластану деңгейі айтарлықтай жоғары (минералдану өзен ағысы бойымен 2–3 есеге дейін ұлғайып отырады), сондықтан шағын өзендерді сақтап қалу және оларды күшейіп келе жатқан ластану мен азаюдан қорғау бойынша маңызды шаралар қабылдау қажет.
- Қарастырылып отырған аумақтағы, әсіресе Алматы қаласының шегінен өтетін өзендер, өндірістік улы заттардың атмосфераның жер бетіне жақын қабатына, топыраққа және суға тасталуы, өзендерге кәріз суларын ағызу және жаңбыр суын ағызу, шағын өзен арналарын тұрмыстық, өндірістік және құрылыс қалдықтарымен ластау, су қорғау аймақтары мен белдеулерін ластаудың нәтижесінде үлкен антропогендік жүктемеге ұшырап отыр. Оған қоса, ластаушы заттардың диффузды көздері (химиялық өндірістер, ауыл шаруашылығы, мелиорация, ластанған атмосфералық жауын-шашын және т.б.) барған сайын қауіпті болуда, себебі олар су жинау алаңдарына шашыраңқы түрде әсер етеді.
- Басқа өзендермен (Сырдария, Іле, Шу, Талас) салыстырғанда Іле Алатауының солтүстік беткейлеріндегі өзендердің ластану деңгейі біршама төмен.
- Соған қарамастан, мұндай экологиялық жағдайда үздіксіз және ұтымды сумен қамтамасыз ету мәселесін экологиялық тұрақты су нысандарының жағдайын сақтау, оларды сарқылудан, қоқыстанудан және ластанудан қорғау тұрғысынан кешенді шешу қажеттілігі туындап отыр.
Баяндаманың тақырыбы қатысушылардың зор қызығушылығын туғызды. Іле Алатауы өзендерінің су сапасына қатысты да, Қазақстанның басқа өңірлеріндегі өзендер, салалас зерттеулер, су сапасының басқа көрсеткіштерге әсері жөнінде де сұрақтар қойылып, талқыланды.
Семинарға 30 шақты адам қатысты, кейбір әріптестер on-line форматында қосылды. Зоология институтынан ихтиолог Қонысбаев Талғарбай қатысты. Су – өмірдің негізі, және оның сапасына экожүйелер мен биоәртүрлілікті сақтау да тікелей тәуелді. Табиғи ресурстарымызды жауапкершілікпен әрі ұқыпты пайдалануымыз керек!
17.02.2025