Халықаралық әйелдер күніне орай Ғылым ордасы ғимаратында әйел-ғалымдарға арналған академик Найля Базанова атындағы наградаларды тапсырудың салтанатты рәсімі өтті. Наградаларды Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Басқарма төрағасы Ахылбек Қажігүлұлы Күрішбаев табыстады.

Бұл жоғары марапатқа отандық ғылымның дамуына қомақты үлес қосқан 48 жетекші әйел ғалым мен ғылыми қызметкер ие болды.
Найля Оразғұлқызы Базанова – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы әйел-академик, ауыл шаруашылығы жануарлары физиологиясы атты биологияның жаңа саласының негізін қалаушы. Ол Қазақстандағы биология ғылымдарының докторы (1945 ж.), профессор (1946 ж.) және Қазақ КСР академигі (1951 ж.) атағын иеленген алғашқы әйел.
Қазақстанда ғылыми қызметпен айналысатын әйелдердің саны шамамен 12 мың, бұл барлық ғалымдардың 55,6%-ын құрайды. Жыл сайын ғылыми дәрежеге ие болған әйелдер саны артып келеді.
ҚР Ұлттық ғылым академиясының дерегі бойынша, 2024 жылы қазақстандық әйелдер Web of Science және Scopus деректер базасына кіретін рейтингтік журналдарда 3 100-ден астам мақала жариялаған, оның ішінде 1 400-ден астам мақалада бірінші автор әйел ғалымдар болған.

ҚР Ұлттық ғылым академиясы тарапынан Қазақстан мен Орта Азиядағы алғашқы әйел-академик Найля Базанова атындағы арнайы награда ғылымның одан әрі дамуын ынталандыру мақсатында тағайындалған.
Зоология институтындағы ғылыми қызметке қосқан үлесі жоғары бағаланған Марина Александровнаны шын жүректен құттықтаймыз және жұмысына табыс тілейміз!
Материалды әзірлеуде ҚР ҰҒА ақпараты мен фотоматериалдары пайдаланылды
07.03.2025