City Nature Challenge 2025: Қазақстан жаһандық биоалуантүрлілікті бақылау акциясына қатысу аясын кеңейтуде

2025 жылдың 25–28 сәуірі аралығында қазақстандықтар бүкіл әлемнің жүздеген қалаларында бір мезгілде өтетін жабайы табиғатты бақылауға арналған халықаралық марафон — City Nature Challenge акциясына тағы да қосыла алады. Шара энтузиастардың күшімен Ботаника және фитоинтродукция институты, Зоология институты, Табиғатты қорғау биологиясының Ашық зертханасы және басқа ұйымдар мен БАҚ-тардың серіктестігі аясында ұйымдастырылады.

Осыдан он жыл бұрын Калифорнияда бастау алған бұл шара бүгінде табиғатқа, ғылымға және қалалық биоалуантүрлілікке қызығатын жандар үшін өзіндік мерекеге айналды. Қатысушыларға саябақтарға, скверлерге, қала маңындағы ормандарға немесе елді мекен шетіне шығып, кез келген жабайы организмді — өсімдік, жануар, саңырауқұлақты — фотоға түсіріп, iNaturalist қосымшасы арқылы жүктеу ұсынылады.

Өткен жылы челенджге Қазақстан атынан Алматы мен Қарағанды қатысып, лайықты нәтиже көрсетті. Биыл ресми түрде үш қала тіркелді: Алматы, Балқаш және Қарағанды. Бұған қоса, әзірге бейресми форматта Астана, Ақтөбе, Шымкент, Петропавл және Қостанай белсенді дайындалып жатыр.

Қатысу баршаға ашық және арнаулы дайындықты талап етпейді:

  • iNaturalist.org сайтында тіркелу;
  • мобильді қосымшаны (Android және iOS нұсқалары бар) орнату;
  • 25–28 сәуір аралығында қалада және төңірегінде жабайы өсімдіктерді, жануарлар мен саңырауқұлақтарды фотоға түсіру;
  • және 4 мамырға дейін түсірілімдерді платформаға жүктеу.

Платформа ішінде әр қалаға жеке жобалар ашылған, бұл қатысушылардың белсенділігін қадағалауға ыңғайлы. Биыл сондай-ақ Қазақстандық табло (https://www.inaturalist.org/projects/cnc-2025-kazakhstan) іске қосылды — қай қала «ең жабайы», яғни табиғатқа ең зейінді және белсенді болатынын көруге мүмкіндік береді.

Ұйымдастырушылар барша ниет білдірушілерді жекелей немесе достарымен бірігіп серуендер, шағын экспедициялар өткізе отырып, акцияға қатысуға шақырады. Өткен жылы қатысқандар тәжірибесімен бөлісіп, жаңа қатысушыларды шақыруды өтінеді.

City Nature Challenge — таза ауада уақыт өткізудің ғана емес, ғылым мен табиғатты қорғауға үлес қосудың да жолы: платформадағы деректер Global Biodiversity Information Facility (GBIF) ғаламдық дерекқорына жіберіліп, бүкіл планета бойынша биоалуантүрліліктің жай-күйін зерттеуге көмектеседі. Сондай-ақ, бұл мәліметтер қорғалатын табиғи аумақтарды белгілеу үшін аса маңызды.

Толығырақ ақпаратты осы презентациядан, https://www.citynaturechallenge.org сайтынан, сондай-ақ ұйымдастырушылардан (координатор Александр Дубынин, adubynin@botsad.kz, WhatsApp +7 960 796 61 50, тел. +7 747 821 53 16) біле аласыз.

22.04.2025

Әкімші