2026–2028 жылдарға арналған «Жас ғалым» жас ғалымдардың зерттеулерін гранттық қаржыландыру жобасы аясында Зоология институтының Биоценология және аңшылықтану орталығының кіші ғылыми қызметкері, жоба жетекшісі Санжар Кантарбаев тағылымдамадан өтті. Тағылымдама Иннландет қолданбалы ғылымдар университетінің (INN University, Норвегия) Эвенстад кампусында өтті.

INN University – Норвегияның Иннландет өңіріндегі бірнеше кампусты біріктіретін мемлекеттік университет. Эвенстад кампусы экология, жабайы табиғатты басқару және орман шаруашылығы салалары бойынша кадрлар даярлауға бағытталған. Кампустың табиғи ортада орналасуы практикалық оқыту мен далалық зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді.

Санжар Кантарбаевтың тағылымдамасы 6EV315-1 26H «Chemical and physical capture of Scandinavian Mammals» біліктілікті арттыру курсы аясында өтті және «Шығыс Қазақстандағы қоңыр аю (Ursus arctos collaris, Cuvier, 1824) популяциясының биологиялық ерекшеліктерін және оның адам қызметіне ықпалын зерттеу» атты ғылыми жобаны (ЖТН: AP32515935) іске асыруға байланысты болды.
Курс 2026 жылғы 30 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өтіп, ветеринария, экология және аңшылықтану салаларындағы мамандардың теориялық әрі практикалық даярлығын қамтыды.

Бағдарламада жабайы жануарларды аулау және қозғалысын шектеудің заманауи әдістері, популяцияларды басқару тәсілдері және далалық зерттеулер жүргізу технологиялары оқытылды. Жабайы табиғатты зерттеудің заманауи құралдарына – спутниктік телеметрияға, ДНҚ талдауына арналған тін үлгілерін алуға, жануарлардың орналасу деректерін өңдеуге және биологиялық үлгілермен жұмыс істеуге ерекше көңіл бөлінді.

Сабақтарды жабайы жануарлардың әртүрлі түрлерімен, соның ішінде қоңыр аюмен, қасқырмен, сілеусінмен, құнмен, бұланмен және басқа да жануарлармен көпжылдық практикалық тәжірибесі бар ветеринарлар, экологтар мен зерттеушілер жүргізді.
Курс оқытушыларының қатарында Алина Эванс, Андреа Миллер, Джон Мартин Арнемо, Мортен Триланд, Борис Фукс, Александра Тиль, Кристофер Нордли, Магне Неби және Мартин Майер бар. Мамандардың жабайы жануарларды аулау және ветеринариялық сүйемелдеу, далалық зерттеулер жүргізу, спутниктік мониторингті қолдану, биологиялық үлгілермен жұмыс істеу және әртүрлі жануарлар түрлерінің экологиясын зерттеу бағыттарында тәжірибесі мол.

Оқу аяқталғаннан кейін Санжар Кантарбаев емтихандарды сәтті тапсырып, екі сертификат алды.
Қоңыр аюды он жылдан астам уақыт зерттеу
Санжар Кантарбаев Қазақстандағы қоңыр аюды он жылдан астам уақыт бойы зерттеп келеді. Ол түрдің экологиясына, таралуы мен популяция санына, сондай-ақ адам мен қоңыр аю арасындағы өзара қарым-қатынас мәселелеріне арналған ғылыми жарияланымдардың авторы және бірлескен авторы.
2026 жылғы наурызда Ecology and Evolution халықаралық ғылыми журналында Санжар Кантарбаевтың Айми Таллиан, Мэттью Грейнджер, Бретт К. Сандеркок және Александр Копацпен бірлесіп дайындаған «Monitoring Brown Bears in Kazakhstan: A Pilot Study from the Altai Mountain Region» атты мақаласы жарық көрді.
Мақалада Қазақстанның Алтай таулы өңіріндегі қоңыр аюларға мониторинг жүргізуге арналған пилоттық зерттеудің нәтижелері берілген.

Kantarbayev S., Tallian A., Grainger M., Sandercock B.K., Kopatz A. Monitoring Brown Bears in Kazakhstan: A Pilot Study from the Altai Mountain Region // Ecology and Evolution. – 2026. – Vol. 16, Issue 3: e73272. DOI: 10.1002/ece3.73272
Бұл жарияланым Санжар Кантарбаевтың Норвегияның табиғатты зерттеу институтында (NINA) өткен алдыңғы тағылымдамасының нәтижесінде дайындалды.*
Қоңыр аюды зерттеу неліктен өзекті?
Қоңыр аю – Шығыс Қазақстандағы ірі жыртқыштардың бірі және өңірдің табиғи экожүйелерінің маңызды құрамдас бөлігі. Сонымен қатар жануарлардың мекендеу аумақтары адамның шаруашылық қызметі жүзеге асырылатын аумақтармен түйісуі мүмкін. Сондықтан аюлардың кеңістіктік мінез-құлқын, қозғалыс сипатын және адаммен өзара әрекеттесу ерекшеліктерін зерттеу қазіргі заманғы зерттеулердің маңызды бағыттарының бірі.
Түрді сақтау үшін популяциялардың жай-күйі, жануарлардың биологиялық ерекшеліктері, олардың қозғалыс сипаты және адаммен өзара әрекеттесуіне әсер ететін факторлар туралы ғылыми негізделген деректер қажет.
Спутниктік телеметрияны, генетикалық талдауды және жануарларды қауіпсіз аулау әдістерін қоса алғанда, далалық зерттеулердің заманауи әдістері жабайы жануарлардың мінез-құлқы, қозғалысы мен биологиялық ерекшеліктері туралы егжей-тегжейлі деректер алуға мүмкіндік береді.
Норвегияда алынған білім мен практикалық дағдыларды Санжар Кантарбаев Шығыс Қазақстандағы қоңыр аюды зерттеуге бағытталған жобаны іске асыру барысында қолданады.
* Зоология институты мен NINA арасында халықаралық ынтымақтастық туралы меморандум жасалған.
Халықаралық ынтымақтастық пен кәсіби тәжірибе алмасу жас зерттеушілерге жабайы табиғатты зерттеудің заманауи әдістерін меңгеруге, ғылыми құзыреттерін кеңейтуге және бірлескен зерттеулерді дамытуға мүмкіндік береді.
Зоология институты үшін осындай кәсіби байланыстарды дамыту жас мамандарды даярлаудың және Қазақстанның биоалуантүрлілігін зерттеуге заманауи тәсілдерді енгізудің маңызды бөлігі.
01.10.2026 ж.
Фото: Санжар Кантарбаев
Материалдарды жариялау кезінде Қазақстан Республикасы Зоология институтының рұқсатын алу қажет. ҚР ҒЖБМ ҒК Зоология институтының сайтына гиперсілтеме беру міндетті. Барлық құқықтар Қазақстан Республикасының «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Заңымен қорғалады.