Алматыда «Дала қыраны ізімен» фотокөрмесі ашылды

3 қарашада Алматыдағы Dostyk Plaza сауда-ойын-сауық орталығында «Дала қыраны ізімен» фотокөрмесі ашылды. Көрме Toyota Kazakhstan, National Geographic Qazaqstan және Зоология институты бірлесіп жүзеге асырып жатқан, Қазақстанның Қызыл кітабына енген сирек жыртқыш құс  дала қыранын (Aquila nipalensis) зерттеу мен сақтауға бағытталған жобаның нәтижелеріне арналды.

По следам степного орла
Дала қыраны ізімен

Көрменің ашылуына Зоология институтының орнитология және герпетология зертханасының меңгерушісі, аталған жоба аясындағы ғылыми зерттеулер жасаған Бекжан Талғатұлы Бердіқұлов қатысты .

Ғылыми зерттеулер – дала қыранын сақтаудың негізі

Дала қыранын сақтауда Қазақстанның орны ерекше: бұл түрдің әлемдегі ұялайтын популяциясының шамамен 75%-ы еліміздің аумағында шоғырланған. Сондықтан оның таралуын, ұялау ерекшеліктерін және қоныс аудару жолдарын зерттеу – табиғатты тиімді қорғау шараларын әзірлеу үшін аса маңызды.

Жоба аясында Зоология институтының мамандары Қазақстанның бес облысында – Шығыс Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Жетісу және Абай облыстарында далалық зерттеулер жүргізді. |Ғалымдар дала қыранының мекен ету ортасы мен ұялайтын аумақтарын зерттеп, құстарды бақылап, ұяларын анықтады, сондай-ақ сақиналау және GPS-трекер орнату жұмыстарын атқарды.

Зерттеу барысында ғалымдар дала қыранының 24 ұясын тауып, 12 құсты сақиналады және алты құсқа GPS-трекер орнатты. Жиналған деректер құстардың ұялайтын аумақтары туралы,  таралуын қадағалауға, маусымдық көші-қон бағыттары мен қыстайтын жерлерін нақтылауға мүмкіндік береді.

Фотовыставка "По следам степного орла в ТРК "Достык плаза"

Спутниктік бақылау деректерінің маңызы зор. Олар дала қыранын сақтау үшін ерекше маңызды аумақтарды белгілеуге, қоныс аудару жолдарындағы ықтимал қауіптерді анықтауға және шаруашылық жұмыстарын жоспарлау кезінде құстарды қорғау талаптарын ескеруге көмектеседі.

Бекжан Бердіқұловтың айтуынша, қоныс аудару жолдарын зерттеу дала қыранына қауіп төнетін, әсіресе электр бағандарына байланысты қатері жоғары аумақтарды анықтауға мүмкіндік береді. Құстардың қыстайтын жерлері туралы мәліметтердің де халықаралық маңызы бар. Дала қыраны бірнеше елдің аумағы арқылы қоныс аударатындықтан, бұл деректер Африка мен Оңтүстік Азия елдеріндегі ұйымдармен табиғат қорғау шараларын бірлесе жоспарлауға негіз бола алады.

Ғылыми зерттеуді қоғамға таныстыру

Жобаның басты міндеттерінің бірі ғылыми зерттеулер жүргізумен қатар, жұртшылыққа дала қыранының тіршілігі, биологиялық ерекшеліктері және оған төнетін қауіптер туралы кеңінен мәлімет беру болды.

Дала қыранына төнетін негізгі қауіптер – электр бағандарымен соқтығысу және токқа түсу, дала өрттері, ұяларының бұзылуы және улану. Бұл түрді сақтау үшін ғылыми негізделген табиғат қорғау шараларымен бірге, қоғамның жабайы табиғаттың құндылығын түсініп, оны қорғауға атсалысуы да маңызды.

Осы мақсатта экспедициялар мен ғылыми зерттеулер барысын фотосуретке түсіріп, құжаттау жоба жұмысының маңызды бөлігіне айналды. Далалық сапарларды Дмитрий Доценко, Артём Орлянский, Фархат Кабдыкаиров, Кайрат Шожебаев, Илья Давыдович және Тимур Байгулов суретке түсірді. Сондай-ақ экспедицияларға қатысып, орнитологтардың жұмысымен танысқан бірқатар танымал блогер дала қырандарын табиғи мекенінде түсірді.

Көрмеге 2026 жылы жоба қатысушылары түсірген 2000-нан астам фотосуреттің ішінен таңдалған 25 туынды қойылды. Келушілер фотосуреттер арқылы дала қырандарын, Қазақстанның табиғи көріністерін және экспедициялар кезіндегі ғылыми жұмыстарды тамашалай алады. Сонымен қатар көрермендерге жоба туралы қысқаметражды деректі фильм ұсынылды.

Фотокөрме ғылыми зерттеулерді көпшілікке түсінікті әрі тартымды түрде таныстырып, биоалуантүрлілікті сақтаудың маңызын көрсетуге және жабайы табиғатты зерттейтін мамандардың еңбегіне назар аударуға мүмкіндік береді.

Биоалуантүрлілікті сақтау жолындағы серіктестік

«Дала қыраны ізімен» жобасы ғылым, бизнес және ғылыми-көпшілік медиа арасындағы ынтымақтастықтың нәтижелі үлгісін көрсетті. Toyota Kazakhstan зерттеулерге қаржылай қолдау көрсетіп, экспедицияларға көлік бөлді. National Geographic Qazaqstan жобаны ақпараттық тұрғыдан сүйемелдеп, оның барысын құжаттады. Ал Зоология институты ғылыми серіктес ретінде зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Көрменің ашылуында National Geographic Qazaqstan өкілі Нұрсұлтан Сәдуақасов халықтың экологиялық сауаттылығын арттыру және қоғам назарын табиғатты қорғау мәселелеріне аудару маңызды екенін атап өтті.

Зоология институты үшін мұндай бастамаларға қатысу сирек кездесетін әрі осал жануарлар туралы ғылыми білімді толықтырумен ғана шектелмейді. Бұл – сол түрлерді іс жүзінде қорғауға үлес қосу мүмкіндігі. Зерттеу нәтижелері табиғат қорғау шешімдерін ғылыми тұрғыдан негіздеуге көмектеседі, ал оларды көпшілікке таныстыру ғылым мен қоғам арасындағы байланысты нығайтады.

Дала қыранын сақтау – сирек кездесетін бір құс түрін қорғау ғана емес, Қазақстанның дала экожүйелері мен табиғи мұрасын сақтауға қосылған үлес. «Дала қыраны ізімен» фотокөрмесі Алматыдағы Dostyk Plaza сауда-ойын-сауық орталығында 2026 жылғы 23 қарашаға дейін жалғасады.

05.11.2026

Фото: Фархат Кабдыкаиров и Артем Орлянский

Әкімші