Зоология институтының қызметкерлері Қазақстанның жабайы табиғатына екінші амур жолбарысын жіберу іс-шарасына қатысты

2026 жылғы 31 қазанда «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты аумағында екінші амур жолбарысын Қазақстанның жабайы табиғатына жіберу рәсімі өтті. Амур атты аталық жолбарыс жолбарыс популяциясын оның тарихи мекен ету аймағында қалпына келтіруге бағытталған ауқымды бағдарламаның кезекті қатысушысы болды.

Выпуск тигра в дикую природу Казахстана

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Зоология институтының териология зертханасының қызметкерлері – Е. Р. Байдавлетов пен С. К. Сапарбаев қатысты. Олар жолбарысты реинтродукциялау бағдарламасын жүзеге асыруға атсалысып келеді.

Табиғи ортаға жіберілмес бұрын Амур ветеринариялық тексеруден және мінез-құлқын бағалауға арналған сынақтардан өтті. Олардың нәтижелері жолбарыстың табиғи ортада өз бетінше тіршілік етуге дайын екенін көрсетті. Оның әрі қарайғы қозғалысы мен жаңа ортаға бейімделуін бақылау мақсатында жануарға спутниктік қарғыбау тағылды.

Жолбарысты Қазақстан табиғатына қайта жерсіндіру – Оңтүстік Балқаш өңірінің табиғи экожүйелерін қалпына келтірудегі маңызды кезең. Тарихи тұрғыдан бұл аумақ XX ғасырдың ортасында Қазақстанда жойылып кеткен тұран жолбарысының таралу аймағының бір бөлігі болған. Жолбарыс популяциясын қалпына келтіру үшін амур жолбарысының таңдалуы оның тұран жолбарысымен генетикалық тұрғыдан жақын туыстығына байланысты.

Зоология институты мамандарының бағдарламаға қатысуы табиғатты қорғау шараларын ғылыми тұрғыдан сүйемелдеу, ірі жыртқыштарды зерттеу және оларды табиғи мекен ету ортасына қайта жіберу нәтижелерін бағалау үшін маңызды.

Жолбарысты реинтродукциялау – сирек кездесетін жыртқышты тарихи мекен ету аймағына қайтарумен ғана шектелмейді. Бұл – биоалуантүрлілікті қалпына келтіруге, табиғи мекен ету ортасын сақтауға және экологиялық тепе-теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған кешенді жұмыс. Бағдарламаның ұзақ мерзімді басты мақсаты – Балқаш өңірінде табиғи жағдайда өздігінен көбейіп, тұрақты тіршілік ете алатын жолбарыс популяциясын қалыптастыру.

04.11.2026 ж.

Дереккөз: ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті.

Әкімші