2026 жылғы 20 ақпанда Қазақстанның биоалуантүрлілігін зерттеуге арналған натуралистердің, табиғат сүйер қауым мен ғалымдардың кездесуі өтті. Қатысушылар фотобақылауларды ғылыми зерттеулерде пайдалану мүмкіндіктерін талқылап, байқау қорытындыларын шығарып, 2026 жылға арналған жоспарларды белгіледі.

Үшінші жыл қатарынан Ботаника және фитоинтродукция институтының конференц-залында натуралистер мен зерттеушілер еліміздің флорасы мен фаунасын түгендеуге арналған жыл сайынғы азаматтық ғылым байқауы – «Қазақстан биоалуантүрлілігі 2025» қорытындыларын шығарып, болашақ жоспарларын талқылау үшін бас қосты.
Кездесуге қатысушыларды Ботаника және фитоинтродукция институтының бас директоры Гульнара Токбергенқызы Ситпаева және Зоология институты бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары Марина Александровна Чирикова құттықтау сөз сөйледі.
Байқау үйлестірушісі, Ботаника және фитоинтродукция институтының ғылыми қызметкері Александр Дубынин өз баяндамасында өткен жыл ішінде белсенділіктің айтарлықтай артқанын атап өтті:
- тексерілген бақылаулар саны 38 % артты – 50 917-ге дейін;
- тіркелген түрлер саны 23 % өсті – 3 920-ға дейін;
- зерттеу мәртебесін алған жазбалардың үлесі 60 %-ға жуықтады.
«Сонымен қатар байқау платформа жұмысының маңызды бір ерекшелігін көрсетті: деректер мен анықтамалардың елеулі бөлігін ең белсенді қатысушылар мен сарапшылардың салыстырмалы түрде шағын тобы қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, ел картасында әлі де “ақ дақтар” көп, бұл Қазақстанның аз зерттелген өңірлерінде зерттеулерді жандандыру қажеттігін көрсетеді».
«Қазақстан биоалуантүрлілігі – 2025» байқауының басым бағыттары:
- жалпы Қазақстан биоалуантүрлілігі және жекелеген таксондық топтар;
- жоғары ғылыми (академиялық) құндылығы бар бақылаулар;
- Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген және ХТҚО Қызыл тізімінде жойылу қаупі бар түрлер;
- Жетісу өңірінің биоалуантүрлілігі;
- Шығыс Қазақстанның биоалуантүрлілігі;
- белсенді сарапшылардың қатысуын қолдау.
Барлық бақылаулар iNaturalist.org платформасына жүктелді. Түр деңгейінде анықталып, Research Grade мәртебесін алғаннан кейін деректер автоматты түрде GBIF жаһандық агрегаторына жіберіліп, ғылыми талдау үшін қолжетімді болды.
Қатысушылар атап өткендей, iNaturalist платформасындағы азаматтық ғылым байқауы зерттеушілерді, натуралистерді және табиғат сүйер қауымды біріктіруді жалғастыруда. Фотобақылаулар мен қауымдастықтың бірлескен жұмысы арқасында Қазақстан флорасы мен фаунасы туралы құнды деректер қоры қалыптасуда.
«Қазақстан биоалуантүрлілігі – 2026» байқауына қатысып, флора мен фауна өкілдерін суретке түсіріп, оларды iNaturalist платформасына жүктеп, туған өлкенің табиғатын зерттеуге өз үлесіңізді қосыңыз!
24.02.2024