2026 жылғы қаңтардан бастап Қазақстанда Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің «Қазақстан Республикасының аумағында 2040 жылға дейін ортаазиялық тасбақаны, оның бөліктері мен дериваттарын пайдалануға тыйым салу туралы» Бұйрығы (18.12.2025 ж. № 351) күшіне енді.

Ортаазиялық тасбақа (Testudo horsfieldii), фото Зима Ю.А.
Бұл Қазақстан аумағында ортаазиялық тасбақаны, сондай-ақ оның бөліктері мен дериваттарын табиғаттан алу және оларды коммерциялық мақсатта пайдалануға тыйым салынғанын білдіреді.
Ортаазиялық тасбақаны қорғау шараларын күшейтуге 31.03.2025 ж. Қазақстан Республикасы Зоология институтының герпетологтары әзірлеген биологиялық негіздеме себеп болды. Ғылыми негіздеменің негізіне Қазақстанның әртүрлі өңірлеріндегі тасбақа популяцияларының жай-күйіне арналған көпжылдық есеп деректері мен зерттеу нәтижелері алынды.
Мұндай шешімнің қабылдануы мемлекеттік, ғылыми және қоғамдық ұйымдардың өзара іс-қимылының арқасында, оның ішінде Қазақстанда ортаазиялық тасбақаны сақтауға, жануарларды оңалту мен табиғатқа қайта жіберу шараларына, сондай-ақ ағартушылық қызметке елеулі үлес қосып отырған «Tasbaqa» Табиғатты қорғау қорының белсенді қатысуымен мүмкін болды.
Ортаазиялық тасбақа Қазақстан аумағында ғана емес, бүкіл таралу аймағында өте осал жағдайда. 1930–1990 жылдары жүргізілген қарқынды және бақылаусыз кәсіпшілік нәтижесінде Қазақстандағы тасбақа популяциялары айтарлықтай әлсіреген.
Соңғы 25 жыл бойы еліміздің аумағынан тасбақаларды экспорттауға тыйым салынғанына қарамастан, оларды табиғаттан заңсыз алу және шекара арқылы контрабандалық тасымалдау жалғасып келді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының ішкі нарығында да тасбақаларды рұқсат құжаттарынсыз табиғаттан аулау және сату жағдайлары орын алуда.
Тасбақа популяцияларына олардың мекен ету ортасының жойылуы да аса зиян келтіруде: жерлерді жырту, малды бақылаусыз жаю, жергілікті тұрғындардың жыл сайын шөпті өртеуі және экожүйеге орны толмас зиян келтіретін басқа да факторлар.
Ортаазиялық тасбақа (Testudo horsfieldii) – Қазақстан мен Орта Азияның дала және шөлейт экожүйелерінің экологиялық тұрғыдан маңызды түрі, таралу аймақтарындағы биоценоздарда шешуші рөл атқарады.
Бұл түр көбею кезеңінде бірқатар жыртқыш құстар мен сүтқоректілер үшін, соның ішінде Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген түрлер үшін маңызды қорек нысаны болып табылады. Ортаазиялық тасбақаны бақылаусыз аулау және оның мекен ету ортасының бұзылуы жекелеген аумақтарда оның толық жойылуына әкелуі мүмкін, бұл өз кезегінде жыртқыш құстар мен сүтқоректілердің көбею табыстылығының төмендеуіне және белгілі бір өңірлерде олардың толық жойылуына соқтыруы ықтимал.
Тыйымды бұзушыларға не қауіп төнеді?
Сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер немесе жануарлар түрлерімен заңсыз әрекеттер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 339-бабының қолданылу аясына жатады.
Бұзушылық үшін мынадай жазалар көзделген:
– 3000 АЕК-ке дейін айыппұл (2026 жылы АЕК мөлшері 4 325 теңге: 3000 х 4 325 = 12 975 000 теңге);
– 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру;
– мүлікті тәркілеу және белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 5 жылға дейін айыру.
Ортаазиялық тасбақа популяцияларын Қазақстанда сақтау мақсатында осы шешімнің қабылдануына өз үлесін қосқан барша азаматтарға алғысымызды білдіреміз.
12.01.2026