“Керқұлан, кертағы”

ҚҰ ҒЖБМ ҒК «Зоология институтының» 2023 жылғы 14 қарашадағы N 30-П бұйрығына сәйкес Жануарлардың қазақша атаулары және зоологиялық терминологиялар жөніндегі комиссиясы құрылған.

Комиссия мүшелерінің отырыстарындағы талқылау шешімдері бойынша Қазақстан Қызыл кітабындағы жануарлардың қазақша атаулары тізімі қарастырылып, өзгерістер енгізілді және дұрыс қазақша атаулары берілген.

10.05.2024 жылы Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлiгiнiң Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесi комитетiнің төрағасы Тұрғамбаев Данияр Ғалымұлының қатысуымен Қазақстан Қызыл кітабындағы Пржевальский жылқысының қазақша атауын қайта қарастыру жайлы жиналыс өткізілді. Өйткені көптеген тарихшылар мен этнограф мамандардың «керқұлан» атауымен келіспеушілігіне байланысты болды. Жануарлардың қазақша атаулары және зоологиялық терминологиялар жөніндегі комиссиясы Пржевальский жылқысының қазақша атауын керқұлан деп берген болатын.

Бұл жиналысқа Зоология институтының бас директоры Ященко Р.В., Жануарлардың қазақша атаулары және зоологиялық терминологиялар жөніндегі комиссиясы төрайымы бғк Есенбекова П.А., комиссия мүшелері: бғк Есжанов Б.Е., PhD доктор Есжанов А.Б.,  Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтынан тарих ғылымының кандидаты Шойбеков Р.Н., ғылыми қызметкер Арыстанбаев М.Қ., Экология және табиғи ресурстар министрінің кеңесшісі Қалқаманов С.А., тарихшы және этнолог, тарих ғылымының докторы Тоқтабай А.У., тарих ғылымының кандидаты Әлімбай Н., АСБК директорының орынбасары С.И. Склеренко, Зоология институтының биоценология және аңшылық зертханасының меңгерушісі Плахов К.Н. қатысты.

Жиналыс барысында Пржевальский жылқысының қазақша атауы жайлы әр маман өз ойларын айтып, әдеби деректерге тоқталып, біраз ойларын бөлісті. Қорыта келе, Пржевальский жылқысының қазақша атауы «керқұлан» ғана емес «кертағы» деген синоним атауы берілді. Өйткені тарихта көптеген әдебиеттерде солай берілген екен. Енді Қазақстан Қызыл кітабында «Лошадь Пржевальского – керқұлан, кертағы» деп жазылады.

16 мамыр 2024



Әкімші