10–14 қараша аралығында Лаос елінің Ванг Вьенг қаласында 9-шы Азия арахнологиялық конференциясы өтті. Қазақстан атынан шараға Зоология институтының жас ғалымдар кеңесінің төрағасы, арахнология және басқа омыртқасыздар зертханасының кіші ғылыми қызметкері Леонид Ким қатысты.

Постерлік сессия барысында Леонид Ким Қазақстандағы өрмекшітәрізділер бойынша жүргізіліп жатқан зерттеулер мен олардың болашақтағы даму мүмкіндіктері туралы баяндады. Бұл конференцияға қатысу тек Азия елдерімен ғана емес, сонымен қатар әлемдік арахнологиялық қауымдастықпен интеграцияланудың маңызды кезеңі болды. Келесі маңызды қадам — 2027 жылы Алматыда өтетін 10-шы Азия арахнологиялық конференциясы.

Суретте – Леонид Ким
Конференцияға 28 елден 99 қатысушы жиналды — нағыз «өрмекші әлемі» десе болады! Талқылау барысында өрмекшітәрізділердің (кенелерден басқа) әртүрлі топтары — өрмекшілер, шаянтәрізділер, жалған шаяндар және сенокосшылардың экологиясы, мінез-құлқы мен жаңа түрлері сөз болды. Қатысушылар арахнидтер қауымдастықтарының экологиясы мен мінез-құлқындағы жаңа ашылулар, олардың бейімделу ерекшеліктері жайлы баяндамалар жасады.

Конференцияның негізгі жұмыстары — баяндама мен талқылаулардан бөлек, ұйымдастырушылар мәдени бағдарлама да әзірледі. Экскурсия барысында қатысушылар әйгілі әктас жартасы алдындағы көгілдір лагунаны, аймақтың ең ұзын үңгірін көріп, Ванг Вьенг маңындағы табиғатты зерттеді. Түнгі далалық «аңшылық» кезінде әріптестер өрмекшілерді жинау және түсіру әдістерімен тәжірибе алмасты.

Әрине, дәстүрлі Peace Party кешінсіз арахнологиялық конференция өтпейді!
Бұл — арахнологтар қауымдастығының дәстүрлі кеші, онда әр қатысушы өз елінің ұлттық мәдениеті мен тағамынан бір үлгі алып келіп, ортақ дастарханға қояды.
Леонид Ким әріптестерін қазақстандық шоколад және құртпен қонақ етті — дәмі бәріне бірдей түсінікті болмағанымен, көпшілігіне ұнады. Ал 2027 жылы әлемдік арахнологтар қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татуға мүмкіндік алады — 10th Asian Conference of Arachnology (ACA) Алматыда өтеді!

29.11.2025
Фото: Леонид Ким және конференция ұйымдастырушылары