Мәжілісте Аграрлық мәселелер комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиын киік популяциясының өсуі және оның экожүйеге, ауыл шаруашылығына әсері мәселелелепіне арналды. Оған депутаттар, Экология және табиғи ресурстар, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің өкілдері, аумақтық инспекциялар, ғылыми мекемелер, қоғамдық ұйымдар, облыс әкімдерінің орынбасарлары мен халықаралық сарапшылар қатысты.

Жиынды ашқан Комитет төрағасы Серік Егізбаев бұл барлық мүдделі тараптың қатысуымен кешенді қарастыруды қажет ететінін маңызды мәселе екенін атап өтті. Биылғы наурыз айында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы киіктерді қорғау бағытында қабылданған шаралардың маңыздылығына тоқталғанын айтты. Соның нәтижесінде киік саны айтарлықтай артқанына тоқталды. Алайда жойылып кету қаупі азайғанымен, жаңа сын-қатерлер пайда болды. Олар: экожүйеге түсетін жүктеменің артуы, ауыл шаруашылығына келтірілген шығын, эпизоотиялық жағдайдың нашарлау қаупі. Осыған байланысты Президент Үкіметке мәселені жан-жақты зерттеп, тиімді әрі теңгерімді шешім қабылдауды тапсырған болатын.
– Бүгінгі кеңейтілген отырыс Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау және азаматтардың, әсіресе батыс және орталық өңірлердегі фермерлердің көптеген өтінішіне жауап ретінде өткізіліп отыр. Оның барлығы жағдайдың күрделене түскенін көрсетеді, ашық диалог пен келісілген шешімдер қабылдаудың маңыздылығын айқындайды, – деді Серік Егізбаев.
Отырыс басталар алдында депутаттарға Батыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды және Ұлытау облыстарында киіктердің келтіріп жатқан шығыны туралы фермерлердің бейнеүндеулері көрсетілді.
Ауылшаруашылығы секторының өкілдері Ақмола облысындағы «Сепе-1» кәсіпорнының басшысы Ғалымжан Саханов пен Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, «Мукадес» шаруа қожалығының жетекшісі Ақылбек Сағитов жергілікті жерлердегі жағдайды нақты мысалдармен баяндап берді.
Уәкілетті орган атынан атқарылып жатқан жұмыс туралы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нүркен Шарбиев баяндады. Оның айтуынша, 2024 жылы киік популяциясы 2,8 миллионнан асқан, төлдеу кезеңін ескерсек, бұл сан 5 миллионға дейін жетуі мүмкін.
– Еліміздің жеті өңірінде облыс әкімдерінің орынбасарлары басқаратын жедел штабтар құрылды. Зоология институты биологиялық негіздеме әзірлеуді аяқтауға жақын, соның негізінде реттеу бойынша ұсыныстар жасалады, – деді ол.
Сондай-ақ, ғылыми қоғамдастық өкілдері де өз пікірлерін білдірді. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ғылым жөніндегі проректоры Әлжан Шамшидин киік популяциясын ұтымды пайдалану елге үш миллиард долларға дейін табыс әкелуі мүмкін екенін айтты. Алайда киіктер паразиттік ауруларға және генетикалық мутацияларға бейім болғандықтан, бұл үдеріс ғылыми бақылауды және реттеуді қажет етеді. Сонымен қатар Зоология институтының сүтқоректілер зертханасының меңгерушісі Алексей Грачев пен Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының Қолданбалы биология орталығының директоры Сергей Скляренко сөз сөйлеп, киік пен ауыл шаруашылығы арасындағы проблемалар кешенді ведомствоаралық тәсілді талап ететінін атап өтті.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаттары да өз ойларын ортаға салды. Мәселен, Павел Казанцев Экология министрлігінің үйлестіру жұмысының жеткіліксіздігін және тиімді дағдарыстық басқарудың жоқтығын сынға алды. Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов қолданыстағы заңнама аясында және уәкілетті органдардың бақылауымен кәсіби аңшыларды тарта отырып, киіктерді ретті түрде ату мәселесін қарастыруды ұсынды. Сонымен қатар ол өнімді қайта өңдеумен айналысатын шаруашылықтарға субсидия бөлудің қажеттілігіне назар аударды. Мәжілістің Экология және табиғатты пайдалану мәселелері комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин ғылыми негізделген реттеу тетігін енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, мұндай тәжірибе БАӘ мен АҚШ-та сәтті қолданылып келеді. Бұл елдерде квота белгіленіп, популяция ғылыми деректер негізінде реттеледі. Депутат киіктердің көші-қон жерлерін сақтау және қорғалатын аумақтарды кеңейту маңызды екенін жеткізді.
Талқылауды қорытындылай келе, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев депутаттардың ұсыныстары негізінде Үкіметке арнайы ұсынымдар дайындалатынын атап өтті.
Мәжілістің Баспасөз қызметі. Суретке түсірген Т. Таныбаев
27.05.2025