Пилоттық «R тілінде бағдарламалаудың негіздері» бағдарламасы ҚР Зоология институтында іске қосылды

Зоология институтында «R тілінде бағдарламалаудың негіздері» атты бағдарлама пилоттық түрде іске қосылды. Бұл курс «Экологиялық зерттеулердегі заманауи компьютерлік құралдар» бағдарламасының бір бөлігі саналады.

Оқытуға институттың әртүрлі ғылыми бөлімшелерінің қызметкерлері, сондай-ақ КазҰУ және басқа да қазақстандық пен шетелдік (Америка мен Өзбекстан сияқты) ұйымдардың өкілдері қатысты. Заманауи технологиялардың арқасында басқа қалалар мен елдерде тұратын 11 әріптесіміз on-line форматында қосыла алды.

Курсты Зоология институтының орнитология және герпетология зертханасының ғылыми қызметкері Иван Геннадьевич Фролов әзірлеп, жүргізеді. Бес практикалық сабақтан тұратын қысқаша курстың мақсаты — R бағдарламалау тілін пайдалану арқылы экологиялық деректермен жұмыс істейтін базалық дағдыларды меңгеру.

Бірінші сабақта R және RStudio бағдарламаларын орнату және баптау, бұл бағдарламалардың интерфейсімен жұмыс істеу негіздері, сондай-ақ Git және GitHub-ты (нұсқаларды басқару негіздері, GitHub репозиторийлерімен жұмыс және GitHub Desktop нұсқасын пайдалану) қолдану таныстырылды.

Сабақтар аптасына бір рет өтеді және алынған ақпаратты бекіту үшін үй тапсырмаларымен толықтырылады. Алдағы бейсенбіде тренинг қатысушылары R тілінде бағдарламалау негіздерін тәжірибе жүзінде игере бастайды және ғылыми зерттеулер кезінде жиналған деректерді талдау үшін жаңа мүмкіндіктерді қолдана алады.

Бастапқыда курс тек Зоология институтының қызметкерлеріне арналған болатын, алайда біз қатысушылардың шеңберін кеңейттік және серіктестеріміз бен әріптестерімізге бұл оқуға тегін қатысу мүмкіндігін ұсындық.

Курс сәтті басталды, және біз оның қатысушылары курсты соңына дейін сәтті аяқтайды, сондай-ақ ғылыми зерттеулердің деңгейін көтеріп, заманауи компьютерлік технологияларды қолдау арқылы жаңа биіктерге жетеді деп үміттенеміз!

Фото: Лариса Шахворостова
22.01.2025

Әкімші