Жаңа зерттеу: Прибалқаш өңірі Қазақстан шөлдері арасында өрмекшілер алуантүрлілігі бойынша көш бастап тұр

Алғаш рет түпнұсқа материалдар, жарияланған ғылыми дереккөздер және GBIF пен iNaturalist ашық ресурстарындағы деректер негізінде Балқаш-Алакөл ойпатының шөлді аудандарындағы өрмекшітәрізділер фаунасының алуантүрлілігіне кешенді баға берілді. Бүгінгі таңда бұл – өңірдегі өрмекшілердің жалғыз әрі ең толық тізімі.

Тірі дарақтардың сыртқы көрінісі: Hersiliola xinjiangensis аталығы (A), Karakumosa cf. xinjiang аталығы (B) және аналығы (C), Aelurillus andreevae аналығы (D, E) және аталығы (N), Mogrus valerii аталығы (F, G), Pseudomogrus bactrianus аталығы (H, I), Pseudomogrus mirabilis аталығы (J, K), Salticus karakumensis аталығы (L, M), Xysticus pseudoluctuosus аталығы (O).

2026 жылдың ақпан айының соңында Biodiversity Data Journal журналында Балқаш-Алакөл бассейнінің (Қазақстанның оңтүстік-шығысы) жазық және тау етегіндегі аридті бөлігінің өрмекшілер фаунасына арналған зерттеу жарияланды. Қазақстан Республикасы Зоология институтының, А.Н. Северцов атындағы Экология және эволюция проблемалары институтының (Мәскеу, Ресей) және Өсімдіктер мен жануарлар экологиясы институтының (Екатеринбург, Ресей) ғалымдары 1896–2023 жылдар аралығындағы ғылыми әдебиеттерді, 2019–2025 жылдардағы өздерінің далалық жинақтарын және ашық дереккөздердегі мәліметтерді (GBIF және мұқият тексерілген iNaturalist деректері) біріктіре отырып, өңір өрмекшілерінің алуантүрлілігіне алғаш рет кешенді баға берді.

Жалпы алғанда, өңір үшін 158 туыс пен 31 тұқымдасқа жататын 403 өрмекші түрінің мекендеуі расталды, бұл Қазақстандағы белгілі өрмекшілер фаунасының үштен бірінен астамын құрайды.
29 түрҚазақстан фаунасы үшін жаңа, олардың ішінде 5 түрғылым үшін жаңа және кейін сипатталатын болады. Осылайша, Прибалқаш өңірінің өрмекшілер фаунасы Қазақстандағы ең бай шөл фауналарының бірі болып табылады (салыстыру үшін, Маңғыстау облысының фаунасы бар болғаны 195 өрмекші түрін, ал Қызылқұм шөлінің фаунасы 188 түрді қамтиды). Сонымен қатар, ғалымдар өңірдің және жалпы Қазақстан шөлдерінің өрмекшілер фаунасы әлі де жеткіліксіз зерттелгенін атап өтеді.

Мақала жарияланғаннан кейін, ResearchGate рейтингі бойынша екі апта қатарынан Biodiversity Data Journal журналындағы ең көп оқылған еңбек болды.
Қазіргі уақытта бұл зерттеу Қазақстан өрмекшілері туралы деректердің ең ірі қорытындысы болып табылады және фаунистикалық зерттеулерге жаңа стандарт қояды.

Зерттеу нәтижелері өңірдегі өрмекшілердің биоалуантүрлілігі туралы білімді кеңейтеді және болашақ фаунистикалық әрі зоогеографиялық зерттеулерге негіз бола алады.

Зерттеу Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің қаржылай қолдауымен ИРН BR21882199 «Балқаш-Алакөл ойпатының қуаң аумақтарындағы жабайы жануарлар кадастры, оларды сақтау мен орнықты пайдалануға төнетін қауіптерді бағалау» жобасы аясында жүргізілді.

Балқаш-Алакөл бассейнінің жазық және тау етегіндегі бөлігінің өрмекшілерінің ең толық тізімімен келесі ғылыми жарияланымда таныса аласыз: Нехаева А., Ким Л., Ишаева А., Озерной А., Созонтов А. (2026) Балқаш-Алакөл ойпатының жазық бөлігінің өрмекшілер фаунасы (Arachnida, Araneae) (Қазақстанның оңтүстік-шығысы): кешенді бағалау.

Nekhaeva A, Kim L, Ishayeva A, Ozernoy A, Sozontov A. (2026) Spider (Arachnida, Araneae) fauna of the lowland part of the Balkhash-Alakol Basin (SE Kazakhstan): an integrated assessment. Biodiversity Data Journal 14: e181501  https://doi.org/10.3897/BDJ.14.e181501

17.03.2026 ж.

Фото: Анатолий Озерной, Зоология институтының адъюнкт-зерттеушісі

Әкімші