Зоология институтының ғылыми хатшысы Гүлжанат Танабекова Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жас ғалымдар Кеңесінің отырысына қатысты

4 тамызда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитесінің төрағасы Ғалымжан Жанқұатов пен 2024 жылғы сәуірден бастап жұмыс істеп жүрген Жас ғалымдар Кеңесінің жұмыс кездесуі өтті. Отырысқа зоология институтының ғылыми хатшысы, PhD дәрежесіндегі Танабекова Гүлжанат қатысып, пікір алмастырды.

Кездесу барысында Жас ғалымдар Кеңесінің жаңа Төрағасы ресми таныстырылып, алдағы кезеңге арналған негізгі бағыттар белгіленді.

2025 жылға арналған басымдықтар: заңнамалық-құқықтық базаны жетілдіру, жастардың ғылыми бастамаларын қолдау және жас зерттеушілердің ғылыми үрдістерге белсенді тартылуын қамтамасыз ету болды.

Ғалымдар алдында сөз сөйлеген Ғалымжан Жанқұатов жас ғалымдардың рөлі туралы:

«Сіздер – Қазақстан ғылымының болашағы ғана емес, бүгінгінің қозғаушы күшісіздер. Өзгерістер үшін қажет нәрсе – энергия, жаңашыл көзқарас, батыл идеялар және нәтижеге жету ұмтылысы. Сіздердің еңбектеріңізді жоғары бағалаймыз және ғылыми армандарыңыздың жүзеге асуына барлық кезеңде қолдау көрсетеміз», – деді Ғылым комитетінің Төрағасы.

Қатысушылардың пікірінше, Жас ғалымдар Кеңесі ғылыми жастар мен мемлекеттік институттар арасындағы өзара әрекетті қамтамасыз ететін тиімді алаң болуы тиіс.

Ғылым комитеті ашық диалог пен конструктивті ынтымақтастыққа дайын екенін, жас ғалымдарды шешім қабылдау үдерістеріне тартудың маңыздылығын атап өтті.

Дерек көзі: gov.kz

Әкімші