2026 жылғы 19 қарашада Зоология институтында Зоология институтының бас директоры Айдын Бауржанұлы Есжанов пен Каспий теңізі Қазақ ғылыми-зерттеу институтының директоры Серік Қабдуәлиевұлы Ахметовтің кездесуі өтті.

Кездесу барысында ғылыми ұйымдардың басшылары Каспий теңізі мен Каспий маңы өңірінің өзекті экологиялық мәселелерін, соның ішінде климаттың өзгеруін, Каспий теңізінің деңгейі мен су көлемінің динамикасын, олардың табиғи экожүйелердің жай-күйі мен өңірдің биоалуантүрлілігіне әсерін талқылады.
Биологиялық алуантүрлілікті сақтау, табиғи кешендердің жай-күйін зерттеу, экологиялық өзгерістерді бағалау және Каспий өңірінің табиғи ресурстарын зерттеу мен сақтауға кешенді ғылыми тәсілдерді қолдану мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша Зоология институты мен Каспий теңізі институты арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Құжатқа қол қою ғылыми ұйымдар арасындағы байланыстарды нығайтуға, одан әрі өзара іс-қимыл жасауға, тәжірибе алмасуға және ынтымақтастықты дамытуға негіз қалыптастыруға бағытталған.
Ғылыми серіктестік – тәжірибе, білім мен зерттеу мүмкіндіктерін біріктіруге бағытталған маңызды қадам!
19.11.2026 ж.
Фото: Зоология институты