20 сәуір мен 29 мамыр аралығында Зоология институтының энтомология зертханасының қызметкерлері Батыс Тянь-Шань аумағында ғылыми экспедиция жүргізді. Зерттеу жұмыстары үш ерекше қорғалатын табиғи аумақты қамтыды: «Меркі» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі, Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы және Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы.

Экспедицияның негізгі мақсаты зерттелетін жәндіктер топтары бойынша материалдар жинап, Батыс Тянь-Шань фаунасының ақпараттық дерекқорын толықтыру болды. Бұл дерекқор өңірдің биологиялық әртүрлілігін сақтауға және табиғи ресурстарын ұтымды пайдалануға бағытталған маңызды құралдардың бірі болып табылады.
Күрделі ауа райы жағдайларына қарамастан, ғалымдар өз зерттеу нысандары бойынша мол ғылыми материал жинады. Зерттеу барысында:
- 14 тұқымдасқа жататын жартылай қаттықанаттылардың (Hemiptera, Heteroptera) (қандалалардың) 101 түрі;
- 6 тұқымдасқа жататын цикадалардың 27 түрі;
- Formicidae тұқымдасына кіретін 3 туыстың құмырсқаларының 4 түрі анықталды.

Мамандар зиянкес жәндіктер санының табиғи реттеушілері болып табылатын жыртқыш қандалаларға ерекше назар аударды. Бұл түрлер өсімдікқоректі жәндіктердің жаппай көбеюіне жол бермей, өсімдік қауымдастықтарының тозуын тежеп, табиғи экожүйелердегі экологиялық тепе-теңдікті сақтауда маңызды рөл атқарады.
Жүргізілген зерттеулер барысында зерттелген аумақтарда өсімдіктерге ықтимал қауіп төндіретін қауіпті инвазиялық және карантиндік цикада түрлерінің кездеспегені анықталды.
Жиналған деректер Батыс Тянь-Шаньның жабайы жануарлар кадастрының ақпараттық жүйесін толықтырып, алдағы ғылыми зерттеулерде және табиғатты қорғау шараларын әзірлеуде пайдаланылатын болады.
Зерттеу жұмыстары BR24993060 мемлекеттік ғылыми бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.

Фотосуреттер: Есенбекова Перизат
04.06.2026