Ғылыми қауымдастықтың Қазақстан Республикасы Құрылтайының Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитеті жанындағы Ғылым жөніндегі сарапшылар кеңесінің жұмысына қатысуы

Қазақстан Республикасы Құрылтайының Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитеті жанынан отандық ғылымды дамытудың өзекті мәселелерін талқылау және заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу мақсатында Ғылым жөніндегі сарапшылар кеңесі құрылды.
Сарапшылар кеңесінің жұмысына ғылыми-зерттеу институттарының, ғылыми орталықтардың, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының зерттеу қызметінде практикалық тәжірибесі бар мүдделі ғалымдары мен мамандары шақырылады.
Ұсыныстар мен бастамалар ғылыми зерттеулерді қаржыландыру, ғылыми конкурстарды ұйымдастыру және сараптама жүргізу, ғылыми ұйымдардың материалдық-техникалық базасын дамыту, ғылыми кадрларды даярлау және қолдау, сондай-ақ зерттеу нәтижелерін коммерцияландыру және өндіріске енгізу мәселелерін қамтуы мүмкін.
Ұсыныстарды әзірлеу кезінде нақты проблеманы айқындап, оның негіздемесін және шешу жолдарын, соның ішінде заңнамаға өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстарды көрсету ұсынылады.
Ұсыныстар мен бастамалар Қазақстан Республикасы Құрылтайының ресми сайты арқылы, «Қызметі» – «Сарапшылар кеңестері» бөліміне өтіп, Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитеті мен тиісті бағытты таңдау арқылы жолданады.
Комитет мүдделі ғалымдар мен мамандарды сараптамалық жұмысқа белсенді қатысуға, отандық ғылымды дамытуға және Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіруге өз үлестерін қосуға шақырады.
Құрылтай жанындағы Ғылым жөніндегі сарапшылар кеңесіне сарапшылар қабылдау туралы
Мүдделі ғалымдар мен мамандарға Комитеттің сараптамалық жұмысына қатысу мүмкіндігі ұсынылады.
Сарапшы болғыңыз келсе, Құрылтайдың ресми сайтында өтінім толтырыңыз.
Ескерту: Сарапшылар тізілімі – Комитет сарапшылар кеңестері мен жұмыс топтарының құрамына енгізу үшін кандидаттарды іріктей алатын мамандар тізімі. Тізілімге енгізілу сарапшылар кеңесінің немесе жұмыс тобының құрамына қабылдануды білдірмейді.
14.11.2026