Қаратау таңғалдыруын жалғастыруда!

Чэнду биология институтының әріптестерімен бірлесіп, Батыс Тянь-Шань аумағында герпетологиялық зерттеулер жүргізілді.

Сарылан - фото Чирикова М,А., Институт зоологии РК

2025–2026 жылдары ұйымдастырылған экспедициялар Боролдай мен Үлкен-Бұрылтауды қоса алғанда, Қаратау тау жүйесінің басым бөлігін қамтыды. Екі далалық маусымның қорытындысы бойынша қосмекенділер мен бауырымен жорғалаушылардың 15 түрі – 2 қосмекенді және 13 бауырымен жорғалаушы түрі тіркелді.

Зерттеушілерді ерекше қуантқан олжалардың бірі – Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген, фаунамыздағы ең ірі аяқсыз кесірткелердің бірі – сарылан (Pseudopus apodus). Қаратауда ол кесірткелер арасында ең жиі кездесетін түр болып шықты: жекелеген маршруттарда бір шақырымға 3 дараққа дейін тіркелді. Біздің бақылауларымыз зерттелген аумақтардағы сарылан популяцияларының жалпы жағдайы жақсы екенін көрсетеді. Дегенмен, түрге төнетін қауіптер де сақталуда: жануарлардың жолдарда, траншеяларда және шөп шабу кезінде қырылуы.

Басқа да қызықты олжалардың қатарында – шөл жалаңқөзі (Ablepharus deserti) шамамен 1230 метр биіктіктен, кәдімгі бозша жылан (Gloydius halys) қуаң Үлкен-Бұрылтаудан және маусым айының алғашқы жартысында-ақ кездесе бастаған жас тақыр батбат бар.

Герпетофауна Западного Тянь-Шаня

Сонымен қатар, экспедиция барысында өрнекті қарашұбар жылан, түрлітүсті абжылан және су жыланы тіркелді. Кесірткелерге санақ жүргізіліп, олардың ішінде түрлітүсті кесірт, алай жалаңкөзі және шөл жалаңқөзі ең көп кездесетін түрлер болды. Ал жыландар арасында ең жиі кездескен түр – осы өңірдегі улы жыландардың екі түрінің бірі болып саналатын кәдімгі бозша жылан.

Бұдан бөлек, кейбір түрлердің түрішілік құрылымын нақтылауға мүмкіндік беретін кейінгі молекулалық-генетикалық талдау үшін материал жиналды.

Далалық зерттеулердің нәтижелері Батыс Тянь-Шань герпетофаунасының түрлік құрамы мен қазіргі жағдайы туралы деректерді толықтырады. Алынған ақпарат осы бірегей өңірдің биоалуантүрлілігін одан әрі зерттеу, мониторинг жүргізу және сақтау жұмыстарына пайдаланылады.

Герпетологиялық зерттеулер BR24993060 «Батыс Тянь-Шаньның жабайы жануарларын сақтау және орнықты пайдалану мақсатында олардың кадастрын жүргізуге арналған ақпараттық жүйе әзірлеу» бағдарламасы аясында жүргізілді.

Фото: Чирикова М.А.

Әкімші