Қазақстан қорғалатын аумақтарда зооноздық патогендердің жануарлардан адамға берілуінің алдын алуды күшейтуде

Алматы, Қазақстан, 17 қыркүйек 2026 жыл – Қазақстан зооноздық аурулар қаупін төмендету бағытындағы жұмыстарын жалғастыруда. 2026 жылдың бірінші жартысында Алматы облысындағы ветеринариялық бақылау барысында 149 бас ірі қара мен 20 бас ұсақ малдан бруцеллез анықталды. Осы жағдай аясында 15–17 қыркүйек аралығында еліміздің әр өңірінен келген ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мамандары, жабайы табиғатты зерттеушілер және биологиялық қауіпсіздік жөніндегі сарапшылар Алматыда бас қосып, зооноздық патогендердің жануарлардан адамға берілу қаупін төмендетудің практикалық тәсілдерін жетілдірді.

Үш күндік «Біртұтас денсаулық» және қорғалатын әрі сақталатын аумақтардағы биологиялық қауіпсіздік жөніндегі тренинг эпидемиологиялық қадағалау мен ерте ескертуге, далалық жағдайда қауіпсіз жұмыс істеуге, жабайы жануарлардың қырылу жағдайларына және жабайы жануарлар, үй жануарлары мен адамдар өзара әрекеттесетін жағдайларды анықтауға арналды. Зооноздық берілу патогеннің жануардан адамға өтуі кезінде орын алады, ал мұндай қауіпті азайту үшін жұғуға мүмкіндік туғызатын жағдайларды түсіну және дұрыс басқару қажет.

«Табиғатты қорғау – “Біртұтас денсаулық” тәсілінің маңызды бөлігі. Салауатты экожүйелер мен жабайы жануарлар популяцияларын сақтап, жабайы жануарлар, үй жануарлары мен адамдардың қай жерде және қалай өзара әрекеттесетінін жақсырақ түсіну арқылы біз зооноздық патогендердің берілу қаупінің алдын алуға және оны азайтуға ықпал ете аламыз», – деді IUCN Conservation Action аға бағдарлама менеджері Дао Нгуен. «Қорғалатын аумақтар мен оларды басқаратын және зерттейтін мамандар биоалуантүрлілікті сақтауды денсаулық қауіпсіздігінің кең ауқымды міндеттерімен байланыстыруда шешуші рөл атқарады».

Экожүйелердің тозуы, жабайы жануарлардың мекен ету ортасының жоғалуы, бөлшектенуі немесе бұзылуы, сондай-ақ жабайы жануарлар, үй жануарлары мен адамдар арасындағы байланыстардың жиілеуі немесе дұрыс басқарылмауы зооноздық патогендердің берілу қаупін арттыруы мүмкін. Қорғалатын және сақталатын аумақтарда және олардың маңында ортақ жайылымдар мен суаттарды пайдалану, туризм, елді мекендер, табиғи ресурстарды пайдалану және басқа да қызмет түрлері патогендердің бір түрден екіншісіне өтуіне жағдай туғызуы ықтимал.

«Ауру қаупін түсіну жабайы табиғатты және жануарлар мекендейтін экожүйелерді түсінуден басталады», – деп түсіндірді Қазақстан Республикасы Зоология институты Бас директорының кеңесшісі Виталий Громов. «Ғылыми мониторингті қорғалатын аумақтардағы бақылаулармен ұштастыра отырып, біз қауіптердің қай жерде туындауы мүмкін екенін әлдеқайда анық көре аламыз және бұл білімді табиғатты тиімдірек қорғауға, сондай-ақ жабайы жануарлар, үй жануарлары мен адамдар арасындағы өзара әрекеттестікті қауіпсіз басқаруға пайдалана аламыз».

Тренингке Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы, «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі және «Меркі» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Зоология институты мен Ұлттық биотехнология орталығының Алматы филиалының өкілдері қатысты. Қатысушылардың кәсіби тәжірибесі орнитология, териология және ихтиологиядан бастап аңшылық шаруашылығы, орманды қорғау, инспекторлық қызмет және зертханалық биологиялық қауіпсіздікке дейінгі салаларды қамтыды.

Бағдарламаның едәуір бөлігі практикалық жұмыстарға арналды. Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде өткен далалық жаттығу барысында қатысушылар жабайы жануарлар, үй жануарлары мен адамдардың байланыс нүктелерін анықтап, экологиялық стресс факторлары мен зооноздық берілу қаупі жоғары болуы мүмкін аймақтарды картаға түсірді. Сондай-ақ олар далалық бақылаулардың ертерек әрі неғұрлым негізделген басқарушылық шешімдер қабылдауға қалай көмектесетінін қарастырды.

«Тиімді биологиялық қауіпсіздік үлгі зертханаға жетпей тұрып басталады. Ықтимал қауіпті тану, тәуекел деңгейін бағалау және далалық жағдайда тиісті сақтық шараларын қолдану жұмысқа қатысатын адамдарды да, кейінгі зерттеулердің сапасын да қорғауға көмектеседі», – деді Қазақстан Ұлттық биотехнология орталығы Алматы филиалының Биологиялық қауіпсіздік және биоқорғаныс бөлімінің басшысы Элина Мальцева.

Тренингті One Health Science ұйымының жабайы жануарлар ветеринары және биологиялық қауіпсіздік жөніндегі маманы доктор Марк Валитутто жүргізді. Бағдарлама қатысушылардың әртүрлі кәсіби міндеттері мен тәжірибесін ескере отырып бейімделді.

«Зооноздық патогендердің берілу қаупін азайту әркім өз рөлін және тәжірибесін түсініп, қай кезде басқа мамандарды тарту қажеттігін білген жағдайда барынша тиімді болады», – деді доктор Валитутто. «Қорғалатын аумақтың қызметкері ерекше жағдайды бірінші болып байқауы мүмкін, ветеринар оның жануарлар денсаулығына әсерін зерттейді, ал қоғамдық денсаулық сақтау мамандары адамдарға төнуі ықтимал қауіпті бағалайды. Негізгі мақсат – ақпараттың жедел әрі қауіпсіз түрде әрекет етуге ең жақсы дайындалған мамандарға жеткізілуін қамтамасыз ету».

Тренинг соңында қатысушылар өздерінің қорғалатын аумақтары үшін «Біртұтас денсаулық» іс-қимыл жоспарларын әзірледі. Далалық жаттығулар мен үш күн ішінде алған білімдеріне сүйене отырып, олар қадағалауды күшейту, ықтимал зооноздық берілу қауіптерін басқару және табиғатты қорғау, ғылыми зерттеу мен биологиялық қауіпсіздік саласындағы мамандар арасындағы үйлестіруді жақсарту бойынша практикалық қадамдарды айқындады.

18.09.2026

Әкімші