ҚР Зоология институтының палеозоология зертханасының қызметкерлері Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы музейге барды. Мамандардың назарын Түркістан облысындағы қазба жұмыстары кезінде табылған динозавр қаңқасы аударды.

5 қазанда ҚР Зоология институтының палеозоология зертханасының меңгерушісі Тілеубердина Перуза Аблаевна және институттың адъюнкт-зерттеушісі Андрей Российский Қожа Ахмет Ясауи университеті жанындағы «Археология» ғылыми-зерттеу институтының музейіне барып, музей қорында сақталған динозавр қаңқасын қарап шықты.
Сапардың негізгі мақсаты – 21 жыл бұрын Түркістан облысындағы Майдантал ауылының маңынан табылған және осы уақытқа дейін кәсіби тұрғыдан зерттелмеген омыртқалы жануарлар қалдықтарын жан-жақты зерделеу.

Зерттеушілер Археологиялық зерттеулер институтының директоры Көпжасар Жетибаевпен және институттың жетекші ғылыми қызметкері, археолог Сағынбай Мурғабаевпен кездесті.
Тілеубердина П.А. – Қазақстан аумағындағы кайнозой және мезозой дәуірлеріне жататын қазба жануарлардың эволюциясы мен филогениясын зерттеуге елеулі үлес қосқан белгілі палеонтолог.
«Түркістан облысының Майдантал ауылы маңынан динозаврдың сүйек қалдықтарының табылуы — әріптесіміз Сағынбай Серікбайұлының ашқан жаңалығы және отандық ғылым үшін бірегей олжа. Бұл жердегі қазба орны туралы бұған дейін де естігенбіз. Алайда сол кезде далалық экспедиция ұйымдастыруға немесе кешенді зерттеу жүргізуге мүмкіндік болмады», – деп атап өтті Перуза Аблаевна.

Үлгілерді бастапқы қарап шыққаннан кейін Тілеубердина олардың морфологиялық құрылысы мен өлшемдік сипаттамалары негізінде алдын ала жіктеу жұмыстарын бастады. Геологиялық дәуірлер бойы шөгінді жыныстардың арасында жатқан сүйектер уақыт өте келе тасқа айналған. Алайда сүйектердің сынған жерлерінен байқалатын өзіне тән «қызыл түс» олардың микроструктурасына егжей-тегжейлі зертханалық талдау жүргізуді қажет етеді. Бұл қаңқа қалдықтарының ғылым ашатын әлі талай құпиясы бар.
Айта кету керек, кездесу алдында ғалымдар тобы Сағынбай Мурғабаевпен бірге Майдантал маңында алдын ала барлау қазба жұмыстарын жүргізді. Ылғалдан жұмсарған қабаттардан мезозой шөгінділері мен олардың үстін жауып жатқан палеогендік горизонттардың арасындағы шекара анық көрінді. Бұл зерттеушілерге қазба орнының стратиграфиялық жағдайын нақты анықтауға мүмкіндік берді.
Археологиялық зерттеулер институты мен Зоология институтының палеозоология зертханасы алдағы уақытта табылған үлгілерге іргелі зерттеулер жүргізу бағытында бірлесіп жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ университет музейінде заманауи технологияларды пайдалана отырып, динозавр қаңқасының бірегей көрмесін ұйымдастыру жоспарлануда.
07.10.2026 ж.
Ақпарат көзі: Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ресми сайты.