WWF Орталық Азия мен Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Зоология институты ғылыми зерттеулерді дамытуға, табиғатты қорғау бастамаларын жүзеге асыруға және биоалуантүрлілікті сақтауға бағытталған ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Келісім ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет, зоологиялық, ботаникалық және экологиялық зерттеулер, сондай-ақ табиғи ресурстарды қорғау және орнықты пайдалану салаларындағы өзара іс-қимылды дамытуды көздейді. Тараптар Қазақстанның табиғи мұрасын сақтауға бағытталған бірлескен жобаларды әзірлеу және жүзеге асыру үшін кәсіби тәжірибесін, ғылыми білімін және қолда бар ресурстарын біріктіруге ниетті.
Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына бірлескен зерттеулер жүргізу, ғылыми және табиғатты қорғау жобалары мен бағдарламаларын әзірлеу, ғылыми жарияланымдар дайындау, ақпарат алмасу, семинарлар, конференциялар және басқа да іс-шаралар ұйымдастыру жатады. Жануарлар мен өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлерін, сондай-ақ олардың табиғи мекендеу ортасын сақтауға ерекше көңіл бөлу көзделіп отыр.
«Берік ғылыми негізсіз табиғатты тиімді қорғау мүмкін емес. Табиғатты қорғау саласындағы шешімдер сенімді деректер мен зерттеу нәтижелеріне негізделуі үшін қазақстандық ғылыми ұйымдармен ынтымақтастықты дамыту, сараптамалық білім мен тәжірибені біріктіру біз үшін маңызды. Зоология институтымен ынтымақтастығымыз Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтауға ықпал ететін жаңа бірлескен бастамаларға негіз болады деп сенеміз», – деп атап өтті WWF Орталық Азия директоры Рамаз Гохелашвили.
Келісім сондай-ақ халықаралық және өңірлік ғылыми ынтымақтастықты дамытуды, табиғатты қорғау бастамаларын жүзеге асыру үшін гранттық және халықаралық қаржыландыруды тартуға жәрдемдесуді, сондай-ақ жануарлар дүниесін қорғау және орнықты пайдалану тәжірибесін жетілдіруге бағытталған ғылыми негізделген ұсынымдар әзірлеуді көздейді.
ҚР Зоология институтының бас директоры Айдын Есжанов ғылыми зерттеулерді дамыту және табиғатты қорғау жұмыстарын іс жүзінде жүзеге асыру үшін ғылыми қауымдастық пен табиғатты қорғау ұйымдары арасындағы өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті:

«WWF Орталық Азиямен ынтымақтастық ғылыми зерттеулерді дамытуға және олардың нәтижелерін табиғатты қорғау қызметінде қолдануға қосымша мүмкіндіктер ашады. Институттың ғылыми әлеуеті мен WWF-тің табиғатты қорғау бастамаларын жүзеге асырудағы тәжірибесін біріктіру жаңа жобаларды әзірлеуге, білім алмасуға және биоалуантүрлілікті сақтаудың ғылыми негізделген тәсілдерін дамытуға ықпал ете алады. Біз Қазақстанның табиғатын зерттеу мен қорғауға үлес қосуға мүмкіндік беретін ұзақ мерзімді әрі мазмұнды ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз».
Ынтымақтастық нақты жобаларды, бағдарламалар мен іс-шараларды өзара келісу негізінде дамитын болады. Келісімге қол қою екі ұйымның табиғи ресурстарды зерттеу, сақтау және орнықты пайдалану салаларындағы алдағы өзара іс-қимылына негіз қалайды.
26.11.2026
Ақпарат пен фотосуреттердің дереккөзі: WWF Орталық Азия