Зоология институтында «Жас ғалым» конкурсына өтінім дайындау бойынша семинар өтті

2026 жылғы 9 қазанда Зоология институтында жас ғалымдарға арналған «Жас ғалым» жобасы бойынша ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру конкурсына өтінім дайындау және ұсыну мәселелеріне арналған ақпараттық-әдістемелік семинар өтті.

Семинар спикерлері:

— Гүлжанат Бақытқызы Танабекова — 6D060800 – Экология мамандығы бойынша философия докторы (PhD), Зоология институтының ғалым хатшысы, Энтомология зертханасының аға ғылыми қызметкері, 2022–2024 жылдарға арналған «Жас ғалым» грантының иегері;

— Азамат Ершибулов — PhD, Ө. Ө. Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, 2024–2026 жылдарға арналған «Жас ғалым» грантының иегері, топырақтану, география және геоақпараттық технологиялар салаларының маманы.

Семинар барысында қатысушыларға конкурстық құжаттаманың негізгі талаптары, ғылыми өтінімнің құрылымы, жобаларды бағалау критерийлері, сондай-ақ зерттеу тобын, күнтізбелік жоспар мен бюджетті қалыптастыру ерекшеліктері түсіндірілді. Зерттеудің өзектілігі мен ғылыми жаңалығын негіздеуге, жобаның мақсаты мен міндеттерін дұрыс тұжырымдауға, зерттеу әдістерін таңдауға және күтілетін нәтижелерді айқындауға ерекше назар аударылды.

Спикерлер конкурстық өтінімдерді дайындаудағы тәжірибелерімен бөлісіп, олардың сапасын арттыруға бағытталған практикалық ұсынымдар берді және институттың жас қызметкерлерінің сұрақтарына жауап берді.

Семинар жас ғалымдардың ғылыми жобаларды әзірлеу саласындағы құзыреттерін арттыруға және гранттық қаржыландыру конкурстарына белсенді қатысуына ықпал етті.

13.10.2026

Әкімші