Конкурс қорытындысы бойынша ҚР ҒЖБМ ҒК «Зоология институты» ШЖҚ РМК бас директоры болып Арахнология және басқа да омыртқасыздар зертханасының меңгерушісі, Институттың Ғылыми кеңесінің мүшесі, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жетекшісі, PhD Есжанов Айдын Бауыржанұлы сайланды.

2026 жылғы 4 шілдеде Зоология институтында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті төрағасының міндетін атқарушы Тохтаров Жайық Хамитұлының Институт ұжымымен кездесуі өтті. Кездесу барысында конкурс қорытындылары ресми түрде жарияланды.
Ұжым алдында сөйлеген сөзінде Жайық Хамитұлы Институттың бұрынғы бас директоры Ященко Роман Васильевичтің Институттың дамуына, оның ғылыми әлеуетін нығайтуға және халықаралық беделін арттыруға қосқан елеулі үлесін атап өтті. Сонымен қатар, ол Айдын Бауржанұлын жаңа қызметке сайлануымен құттықтап, барлық бастамаларының табысты жүзеге асуына, Институттың одан әрі дамуына, жаңа ғылыми жетістіктерге қол жеткізуіне және отандық ғылымның игілігі жолындағы жемісті қызметіне тілектестік білдірді.

Құттықтауға Институт қызметкерлері де қосылып, жаңа басшылықтың жетекшілігімен Зоология институты жануарлар дүниесін зерттеу, сақтау және орнықты пайдалану саласындағы Қазақстанның жетекші ғылыми орталықтарының бірі ретіндегі ұстанымын одан әрі нығайта беретініне сенім білдірді.

Айдын Бауржанұлын Зоология институтының бас директоры қызметіне сайлануымен шын жүректен құттықтаймыз! Оған барлық жоспарларының табысты жүзеге асуын, жаңа кәсіби жетістіктер мен Зоология институтының ғылыми әлеуеті мен беделінің одан әрі нығая беруіне тілектеспіз!
07.07.2026 ж.