Зоология институтында Венгрияның ғалымы, Дебрецен университеті Ботаника кафедрасының доценті, доктор Габор Шрамкомен (Gábor Sramkó) жұмыс кездесуі өтті. Зерттеуші филогенетика мен дала экожүйелерінің эволюциясы саласындағы зерттеулерімен халықаралық ғылыми қауымдастыққа кеңінен танымал.

Габор Шрамко Моңғолия Ғылым академиясымен бірлесіп және ҚР Зоология институтының қолдауымен ақбөкен популяцияларына молекулалық-генетикалық мониторинг жүргізумен айналысатын эволюциялық геномика жөніндегі халықаралық зерттеу тобының құрамына кіреді. Зерттеудің бұл бағыты Еуразия дала экожүйелерінің ең танымал әрі маңызды түрлерінің бірін сақтап қалу үшін үлкен маңызға ие.
Соңғы жылдары ғалым жойылып кету қаупі төнген жеке кіші түр болып саналатын моңғол ақбөкенінің (Saiga tatarica mongolica) геномикасына қатысты материалдарды жинау және талдау жұмыстарымен айналысты. Соңғы санақ деректеріне сәйкес, Моңғолиядағы ақбөкен популяциясының саны 28 857 дарақты құрайды.

Сонымен қатар Қазақстан аумағында жиналған және Зоология институтының териология зертханасының мамандары ұсынған үлгілер де зерттелді. Алынған нәтижелер ақбөкеннің әртүрлі популяцияларындағы генетикалық әртүрлілікті кешенді түрде салыстыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта Халықаралық табиғатты қорғау одағы (IUCN) бұрын жүргізілген генетикалық зерттеулердің нәтижелеріне сүйене отырып, морфологиялық айырмашылықтарының болуына қарамастан, моңғол және қазақстандық ақбөкен популяцияларын біртұтас құрылым ретінде қарастырады. Алайда эволюциялық геномиканың заманауи әдістері бұл популяциялардың генетикалық оқшаулану деңгейін неғұрлым дәл бағалауға және олардың таксономиялық мәртебесін нақтылауға жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.

Бүгінде ақбөкенді сақтауда Қазақстан шешуші рөл атқарады. Ел аумағында ақбөкеннің төрт популяциясы – Орал, Бетпақдала, Үстірт және Павлодар популяциялары мекендейді. 2026 жылғы көктемгі санақ қорытындысы бойынша олардың жалпы саны рекордтық көрсеткішке – 4,68 миллион дараққа жетті, бұл әлемдегі ақбөкендердің жалпы санының 99 пайыздан астамын құрайды.
Кездесу барысында қатысушылар халықаралық ынтымақтастықтың келешегін және ақбөкеннің әртүрлі популяцияларының геномдарын салыстырмалы талдау бойынша алдағы жоспарларды талқылады. Зерттеу нәтижелері түрдің эволюциялық тарихын тереңірек түсінуге, оның түрішілік құрылымын нақтылауға және ұлттық әрі халықаралық деңгейлерде табиғатты қорғау саласындағы тиімді шешімдер қабылдаудың ғылыми негізін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
22.06.2026