Г.Б. Танабекова «Биоалуантүрлілікті сақтау – тұрақты болашақтың негізі» атты дөңгелек үстел жұмысына қатысты

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кітапханасында Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай «Тірі планета: биоалуантүрлілікті сақтау – тұрақты болашақтың негізі» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны География және табиғатты пайдалану факультетінің Тұрақты даму жөніндегі ЮНЕСКО кафедрасы мен Экожүйелер мен биоалуантүрлілікті қорғау жөніндегі Орталық Азия-Герман институты ұйымдастырды.

Дөңгелек үстел жұмысына студенттер, ғалымдар, экологтар, ғылыми ұйымдар мен табиғат қорғау мекемелерінің өкілдері қатысты. Қатысушылар биоалуантүрлілікті сақтау, сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар түрлерін қорғау, қазіргі экологиялық сын-қатерлер мен тұрақты дамудың негізгі бағыттары жөнінде пікір алмасты.

Іс-шара барысында Зоология институтының ғылыми хатшысы, Энтомология зертханасының аға ғылыми қызметкері Гүлжанат Бақытқызы Танабекова «Сиверс алмасы: зерттеулер мен нәтижелер» тақырыбында баяндама жасады. Өз сөзінде ол Қазақстанның табиғи мұрасының маңызды нысандарының бірі саналатын, қазіргі мәдени алма сұрыптарының басым көпшілігінің арғы тегі болып табылатын жабайы Сиверс алмасын зерттеу нәтижелерін таныстырды.

Дөңгелек үстел жұмысына Қазақстан Республикасы Зоология институтында өндірістік практикадан өтіп жатқан Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Биология мамандығы бойынша 3-курс студенттері тыңдаушы ретінде қатысты.

Дөңгелек үстел ғылыми қауымдастық пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, тәжірибе алмасуға және өзекті экологиялық мәселелерді талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.

08.06.2026

Әкімші