Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрі Алексей Александрович Грачевке жоғары мемлекеттік марапат табыстады.

5 маусым күні Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінде Эколог күні мен Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев құттықтау сөз сөйледі. Мерекелік жиынға сала ардагерлері, Парламент депутаттары, министрлік қызметкерлері, ведомствоға қарасты ұйымдардың өкілдері және табиғат қорғау саласының мамандары қатысты.
Салтанатты рәсім барысында еліміздің экология саласының дамуына елеулі үлес қосқан қызметкерлер марапатталды. Оларға мемлекеттік және ведомстволық наградалар, құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табысталды.
Қазақстандағы қар барысын сақтауға және оның санын арттыруға қосқан зор үлесі үшін ҚР Зоология институтының териология зертханасының меңгерушісі Алексей Александрович Грачев «Құрмет» орденімен марапатталды.
Алексей Александровичті жоғары мемлекеттік марапатымен шын жүректен құттықтаймыз!
Бұл марапат – Қазақстанның жануарлар дүниесіндегі ең сирек әрі осал түрлердің бірі саналатын қар барысын зерттеу мен сақтауға бағытталған көпжылдық ғылыми еңбектің және табиғат қорғау қызметінің жоғары бағалануының айқын көрінісі.
ҚР Зоология институтының ұжымы әріптесінің жетістігін зор мақтанышпен қабылдайды және қар барысын зерттеу мен қорғау ісіне атсалысып жүрген бүкіл зерттеу тобына шынайы ризашылығын білдіреді. Ғалымдарға жаңа ғылыми жаңалықтар, табысты экспедициялар және Қазақстанның биологиялық алуантүрлілігін сақтауға бағытталған маңызды жобаларды жүзеге асыруда толағай табыстар тілейміз!


05.06.2026