Гүлжанат Танабекова зерттеу нәтижелері мен Сиверс алмасының зиянкестері туралы жаңа монографияны таныстырды

2026 жылғы 14 тамызда Талдықорған қаласында «Сиверс алмасы Жетісудың тарихи-мәдени және табиғи мұрасы контексінде: бірегей алып ағаштың тарихи және биологиялық құндылығы және оған «Ғылыми табиғи нысан – ұлттық игілік» мәртебесін берудің ғылыми негіздері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Көрнекті ғалым, академик Аймақ Жанғалиевтің туғанына 113 жыл толуына орай ұйымдастырылған іс-шара зерттеушілерді, экологтарды, табиғат қорғау ұйымдарының мамандары мен өлкетанушыларды біріктірді. Конференцияны Жоңғар-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, «Жетісу өлкетанушылар орталығы» қоғамдық бірлестігі және Ботаника және фитоинтродукция институты жанындағы Сиверс алмасын зерттеу және сақтау орталығы ұйымдастырды.

Конференция жұмысына философия докторы (PhD) Танабекова Гүлжанат Бақытқызы қатысты. Ол «Жетісу Алатауы аумағындағы Сиверс алмасымен қоректенетін зиянкес жәндіктердің экологиялық топтарға бөліну ерекшеліктері» тақырыбында баяндама жасады. Зерттеуші өз сөзінде Сиверс алмасының табиғи популяцияларына зиян келтіретін жәндіктердің түрлік құрамын, трофикалық байланыстары мен экологиялық ерекшеліктерін зерттеу нәтижелерін ұсынды.

Пленарлық отырыс аясында Г. Б. Танабекованың Алматы қаласында жарық көрген «Іле және Жетісу Алатауындағы Сиверс алмасының зиянкес жәндіктері» атты монографиясының тұсаукесері өтті.

Монографияда Іле және Жетісу Алатауы аумағында өсетін Сиверс алмасының зиянкес жәндіктерінің аннотациялық тізімдері мен олардың экологиялық сипаттамалары қамтылған. Доминантты түрлердің экологиялық және биологиялық ерекшеліктеріне ерекше назар аударылған: алма ақкіс күйе көбелегі (Yponomeuta malinella Zell.), раушан жапырақ ширатқыш көбелегі (Archips rosana L.) және долана жапырақ ширатқыш көбелегі (Cacoecia crataegana Hb.).

Басылымда негізгі зиянкестердің таралуы мен әсерін көрсететін карталар, ықтимал инвазиялық түр – алма зерқоңызы (Agrilus mali) туралы мәліметтер, сондай-ақ жәндіктердің Сиверс алмасының табиғи популяцияларына тигізетін кері әсерін азайту жөніндегі практикалық ұсынымдар берілген.

Монография материалдарын Сиверс алмасын зиянкес жәндіктерден қорғау шараларын әзірлеуде, табиғат қорғау және ауыл шаруашылығы салаларында, сондай-ақ жоғары оқу орындарындағы биология, зоология, энтомология және экология бағыттары бойынша білім беру үдерісінде пайдалануға болады.

Монография Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржыландыратын ИРН AP14972741 «Іле және Жетісу Алатауында Сиверс алмасының (Malus sieversii) жабайы популяцияларына зиян келтіретін жәндіктердің экологиялық және фаунистикалық ерекшеліктері» жобасын орындау нәтижелері негізінде дайындалды. Басылым ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің «Зоология институты» ШЖҚ РМК Ғылыми кеңесінде мақұлданған (2026 жылғы 4 наурыздағы № 4 хаттама).

Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар Сиверс алмасының ғасырлық ағаштарын анықтау және кешенді зерттеу, бірыңғай ғылыми-өлкетану деректер базасын қалыптастыру, сондай-ақ ғылыми тұрғыдан аса құнды табиғи популяциялар мен жекелеген ағаштарға «Ғылыми табиғи нысан – ұлттық игілік» мәртебесін беру мүмкіндігін қарастыру жөніндегі қарар қабылдады. Ұсынымдарды Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне, Үкіметіне және Ұлттық құрылтайға жолдау жоспарлануда.

Г.Б. Танабекованың конференцияға қатысуы және монографияның тұсаукесері заманауи энтомологиялық зерттеулер нәтижелерін таратуға, сондай-ақ Қазақстанның бірегей табиғи мұрасының құрамдас бөлігі саналатын Сиверс алмасын сақтаудың ғылыми негізделген тәсілдерін дамытуға қосылған маңызды үлес болды.

19.08.2026

Әкімші