24–27 сәуір аралығында Алматы City Nature Challenge 2026 жаһандық экологиялық челленджінің бір бөлігіне айналады.

City Nature Challenge (CNC) – бұл жыл сайын өткізілетін жаһандық биоблиц, оның барысында әлемнің түрлі қалаларының тұрғындары жабайы өсімдіктерді, жануарларды, саңырауқұлақтарды және басқа да организмдерді суретке түсіріп, тіркейді, сол арқылы қалалық биоалуантүрлілікті құжаттауға көмектеседі.
2026 жылы City Nature Challenge ресми есебінде Алматы (алматылық агломерация шегінде) және Қарағанды үшінші рет қатысады. Қазақстанның басқа да бірқатар қалалары бейресми жарыста өз күшін сынап көреді.
City Nature Challenge 2026 – бұл жай ғана экологиялық акция емес, әркім қатыса алатын нағыз ғылыми марафон.
Не істеу керек?
– жабайы өсімдіктерді, жануарларды, саңырауқұлақтарды және басқа организмдерді суретке түсіру
– бақылауларды iNaturalist қосымшасына жүктеу
– ғалымдарға қалалық биоалуантүрлілікті зерттеуге көмектесу
Арнайы дайындық қажет емес – тек қызығушылық пен айналадағы табиғатқа мұқият қарау жеткілікті.
Неліктен бұл маңызды?
Алматы бірегей табиғи аумақтардың жанында орналасқан, және дәл сіз көмектесе аласыз:
– бізбен қатар қандай түрлер мекендейтінін анықтауға
– қалалық табиғаттың қалай өзгеріп жатқанын түсінуге
– қандай аумақтардың қорғауды қажет ететінін айқындауға
Сіздің әрбір бақылауыңыз – ғылым мен биоалуантүрлілікті сақтауға қосқан үлес.
Өткен жылы Алматы қатысушылары 4000-нан астам бақылау жасады, оның ішінде Қазақстанның Қызыл кітабына енген 24 түр тіркелді. Нәтижесінде біздің қала әлемдегі ең белсенді қалалардың 25%-ының қатарына енді!
Қалай қатысуға болады:
- iNaturalist қосымшасын жүктеңіз немесе iNaturalist платформасында тіркеліңіз
- 24–27 сәуір аралығында жабайы жануарлар, өсімдіктер және саңырауқұлақтарды суретке түсіріңіз
- 10 мамырға дейін бақылауларыңызды платформаға жүктеңіз
13 мамырда челлендж нәтижелері жарияланады.

2026 жылғы челлендж нәтижелері City Nature Challenge 2026 платформасындағы арнайы жоба бетінде жедел түрде көрсетіледі: Big Almaty
CNC 2026: BIG Almaty биоблиці – қызықты әрі танымдық, сіз бұрын байқамаған дүниелерді енді көре бастайсыз.
Көріңіз – және қала сізге жаңа қырынан ашылады!
Ақпарат алу үшін байланыс:
Александр Дубынин, Алматыдағы City Nature Challenge үйлестірушісі
adubynin@botsad.kz
w/a: +7 960 796 61 50

Қосымша ақпарат
CNC жобасы 2016 жылы Лос-Анджелес пен Сан-Франциско арасындағы жарыс ретінде басталып, бүгінгі күні California Academy of Sciences және Natural History Museum of Los Angeles County жетекшілігімен халықаралық бастама ретінде өткізіледі.
2025 жылы акцияға 62 елден 669 қала, 107 235 қатысушы және 32 386 сарапшы қатысты; 3 256 655 бақылау және 73 652 түр тіркелді. Бұл көрсеткіштер City Nature Challenge азаматтық ғылым мен табиғатты бақылау саласындағы ең ірі халықаралық бастамалардың бірі екенін дәлелдейді.
2025 жылы Алматы қатысушылары 4000-нан астам фотобақылау жасады, оның ішінде Қазақстанның Қызыл кітабына енген 24 түр бойынша 204 бақылау тіркелді. Биоблиц танымал бола түсуде: өткен жылмен салыстырғанда бақылаушылар саны 1/3-ке, ал тіркелген түрлер саны 13%-ға артты. Ең жиі тіркелген түрлер – кряква мен Островский қызғалдағы. 2025 жылғы қорытынды бойынша Алматы әлемдегі ең белсенді қалалардың 25%-ына кірді!
Алматыда акцияны энтузиастар Ботаника және фитоинтродукция институтының және Зоология институтының қолдауымен, Табиғатты қорғау биологиясының ашық зертханасымен, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығымен (АСБК), Eurasian Wildlife and People ұйымымен және басқа да мүдделі ұйымдармен серіктестікте өткізеді.

22.04.2026 ж.