Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті «Зоология институты» қызметкерлері 2026 жылғы 22–24 сәуірде Астанада өткен «RES 2026» өңірлік экологиялық саммитіне қатысты.

«RES 2026» саммитіне Орталық Азия елдерінің, Армения, Грузия, Моңғолия президенттері және Әзербайжан Премьер-министрі, БҰҰ өкілдері, сондай-ақ ОБСЕ, ЕО, ЭЫҰ, ИСЕСКО, ШЫҰ, ТМҰ, АӨСШК, ИЫҰ, АДБ, ЕҚДБ, ДБ, ЖҚҚ, ИДБ сияқты халықаралық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ шөлейттену, биоалуантүрлілік, химиялық заттар мен қалдықтар бойынша халықаралық конвенциялар мен келісімдердің хатшылықтары, экология, су шаруашылығы, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, энергетика, білім беру және қаржы салаларындағы бірқатар елдердің салалық ведомстволарының басшылары қатысты.

Қазақстан Президенті кіріспе сөзінде «Қазақстан экологиялық жауапкершілік мәселелеріне ең жоғары заңнамалық деңгейде ерекше назар аударады. Біздің жаңа Конституциямыз қоршаған ортаны қорғауды мемлекеттік саясат пен азаматтық жауапкершіліктің негізгі қағидаттарының бірі ретінде айқындайды. Ол экологиялық қауіпсіздік пен өркендеу тек техникалық мәселе емес екенін көрсетеді. Бұл – ұлттық санамыздың ажырамас бөлігіне және ұзақ мерзімді даму стратегияларымызға айналуы тиіс шынайы құндылық» екенін атап өтті.
«Табиғат геосаясатсыз өмір сүре алады, ал геосаясат табиғатсыз өмір сүре алмайды.
Қазақстан барлық серіктестерді сирек түрлер мен биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі Халықаралық қорға қосылуға шақырады – бұл ғылыми зерттеулер мен экожүйелерді тиімді қорғау саласындағы трансшекаралық ынтымақтастық алаңы.
Биоалуантүрлілікті сақтау да біздің экологиялық саясатымыздың негізгі бағыттарының бірі болып қала береді. Үздіксіз күш-жігер нақты нәтижелер берді: ақбөкен популяциясы қалпына келтірілді. Қазақстандағы қар барыстарының саны екі еседен астам өсіп, шамамен 190 дараға жетті.
Халықаралық серіктестермен бірлесіп біз басқа да сирек түрлерді, соның ішінде сұңқарларды, Тұран жолбарысын және Пржевальский жылқысын қайта жерсіндіру және қалпына келтіру жұмыстарымен айналысып жатырмыз», – деп атап өтті Тоқаев.
«RES-2026» саммитінің басты қорытындысы – Орталық Азия мемлекеттері басшыларының «Орталық Азияның экологиялық ынтымақтастығы» декларациясын қабылдауы болды.
Декларация аясында Қазақстанның келесі бастамалары қолдау тапты:
- сирек түрлер мен биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі Халықаралық қор құру;
- Каспий теңізінің су ресурстарын сақтау бойынша мемлекетаралық бағдарламаны әзірлеу;
- Халықаралық көгалдандыру күнін белгілеу;
- Орталық Азия үшін климаттың өзгеруі мен жасыл энергетика бойынша Жобалық кеңсе платформасында ынтымақтастықты дамыту.

БҰҰ-мен серіктестікте 2026–2030 жылдарға арналған өңірлік экологиялық бастамаларды іске асыру жөніндегі Іс-қимыл бағдарламасы қолдау тапты. Бағдарламаға мыналар енгізілді:
– экология және климат бойынша өңірлік инвестициялық портфель,
– экологиялық қызмет нәтижелілігінің өңірлік шолуы,
– табиғатқа негізделген шешімдер жөніндегі негіздемелік құжат,
– айналмалы экономика бойынша серіктестіктің негіздемелік бағдарламасы,
– «Жасыл мектеп» өңірлік платформасы.
Саммит аясында бірқатар инвестициялық келісімдер мен стратегиялық серіктестік туралы меморандумдар қабылданды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Үкіметі мен БҰҰ Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы арасында стратегиялық ынтымақтастық туралы негіздемелік келісім жасалып, Алматы қаласында Өңірлік экологиялық хаб құру көзделді.
Саммит сессиялары сегіз негізгі бағыт бойынша өтті, олардың нәтижесінде бірқатар практикалық келісімдерге қол жеткізілді.
Саммит (RES) аясында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі БҰҰ Даму бағдарламасымен және NBSAP акселераторы серіктестігімен бірге «Орталық Азия елдерінің бастамасы – тұрақты даму үшін табиғатпен үйлесім» атты жоғары деңгейдегі пленарлық сессия өткізді.
Нәтижесінде өңірлік ынтымақтастық декларациясы қабылданып, Орталық Азия елдерінің биоалуантүрлілікті сақтау және табиғи ресурстарды тұрақты пайдалану саласындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бейілділігі расталды.
Құжатта Зонтикалық бағдарламаны және іс-қимыл жоспарын әзірлеу, сондай-ақ ресурстарды жұмылдырудың өңірлік жоспарын дайындау қарастырылған. Бұл шаралар Биоалуантүрлілік жөніндегі конвенция, Куньмин-Монреаль жаһандық шеңберлік бағдарламасы және басқа да көпжақты экологиялық келісімдер аясындағы міндеттемелерді орындауға бағытталған. Құжаттар Арменияда өтетін Конвенция тараптарының 17-конференциясында ұсынылады.
Жекелеген сессия ғылым мен академиялық қауымдастықтың өңірлік климаттық шешімдерді қалыптастырудағы рөліне арналды.
Саммит күндері бойы «RES 2026 EXPO» халықаралық көрме орталығында жасыл технологиялар, экология және биоалуантүрлілік бағытындағы көрме өтті. 120 павильонда әлемнің 30 елінен 247 компания өз жетістіктерін ұсынды.
Институт қызметкерлерінің саммитке қатысуы өңірлік экологиялық күн тәртібі аясында ғылыми басымдықтарды айқындауға және Қазақстан жануарлар дүниесін зерттеу мен қорғау бойынша болашақ зерттеулерді жоспарлауда заманауи үрдістерді ескеруге мүмкіндік берді.
Саммитке Институттың бас директоры Р.В. Ященко, ғылым жөніндегі директор орынбасары М.А. Чирикова, PhD Н.Ә. Бижанова және басқа да қызметкерлер қатысты.

Саммит аясында құрылған диалог алаңы климаттың өзгеруі, экология және биоалуантүрлілікті сақтау мәселелерін шешуге қуатты серпін берді. Қатысушылар үзілістерде және сессиялардан кейін де пікір алмасуды жалғастырды. Бұл саммит өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту мен биоалуантүрлілікті сақтауға бағытталған нақты шешімдерге бастау болады деп сенеміз.
25.04.2026 ж.