Авторы: Балтағұл І.Б., Есенбекова П.А.
Аннотация: Мақалада “Көлсай көлдері” МҰТП аумағындағы қабыршаққанаттылар (Lepidoptera) фаунасы туралы мәліметтер келтірілген. Парк аумағында бүгінгі таңда жануарлар арасында омыртқалы жануарлардың биоәртүрлілігі жақсы зерттелген, ал парктегі жәндіктердің биоәртүрлілігі толық анықталмаған, атап айтқанда, қабыршаққанатты жәндіктері жеткілікті зерттелмеген, сондықтан бұл жұмысымыз өзекті.
Зерттеу жұмыстары авторлармен 2020-2021 жылдары жүргізілді. Қабыршаққанаттыларды жинау кезінде энтомологиялық сүзгілер, түрлі тұзақтар, түнгі жарықта ұстау және т.б. әдістер қолданылды. Зерттеулер нәтижесінде Қабыршаққанатты жәндіктердің (Lepidoptera) келесі тұқымдас өкілдері: Желкенділер (Papilionidae), Ақ көбелектер (Pieridae), Барқыт көбелектер (Satyridae), Нимфалидтер (Nymphalidae), Көгілдір көбелектер (Lycaenidae), Жуанбасты көбелектер (Hesperiidae), Тұмсықты көбелектер (Libytheidae), Шыны көбелектер (Sesiidae), Ала көбелектер (Zygaenidae), Саусаққанатты көбелектер (Pterophoridae), Мұр көбелектер (Geometridae), Түн көбелектері (Noctuidae) анықталды. Талдау нәтижесінде қабыршаққанаттылардың (Lepidoptera) 12 тұқымдасының 48 түрі анықталды. Түрлерінің саны бойынша басым тұқымдастар Ақ көбелектер (Pieridae) – 11 түр (25%), Көгілдір көбелектер (Lycaenidae) – 9 түр (19%), Барқыт көбелектер (Satyridae) – 7 түр (14%), Нимфалидтер (Nymphalidae) – 6 түр (12%), ал Желкенділер (Papilionidae) мен Мұр көбелектер (Geometridae) – 3 түрден (6%), қалған 6 тұқымдастан 1-2 түрден (2-4%) ғана белгілі болды.